Қаныштың қисапсыз қыры #2

Қаныштың қисапсыз қыры #2
Фото: bayan-muzei.kz

Басы

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жігіттік сипатына жеті өнерді де аз санап, сексен қырлы болғанын дәлелдейтін деректер жетерлік. Оны М.П.Русаков: «Поэзия мен музыкадан да көп хабардар Қаныш Имантайұлы автомотордың бейнебір сүйемелдеуімен өзі ән салып, бізді қазақ әндерімен таныстырушы еді»,- деп жазады. Елінің қазба байлықтарын өзге халық тумыстарына таныстырумен қатар, мәдениетінен де сусындатып, әндерін де үйреткен.

Б.Г.Ерзакович «Қазақ өнертанымының бастауларында» естелігінде Сәтбаевтың өнер ғылымындағы ойып алар орнын өрнектеп береді. «20 жылдардың көптеген озық қайраткері сияқты Қаныш Имантайұлы да қазақ театр өнерін дамыту перспективалары туралы көп ойластырды. Мынадай бір қызықты мысал келтірейін. 1926 жылы Қызылордада ашылған сол кездегі бірден-бір қазақ театрының қызметіне сын көзімен баға берген алғашқы мақаланы Қаныш Имантайұлы жазған болатын. Театр құрылуының бір жылдығына арналған мерекелік спектакль мен концертті көруге қатысқан жас инженердің «Қазақстанның ұлттық театры» деген көлемді мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінде 1927 жылғы январь айында жарияланған-ды. Онда актер жұмысының жетістіктері мен кемшіліктеріне білгірлікпен егжей-тегжейлі талдау жасалды. Бұл мақаласында Қаныш Имантайұлы театр-музыка өнерінің мәні мен маңызын өте терең түсінетіндігін танытты. Ол қазақ мәдениеті үшін бұл жаңа жанрды дамытудың міндеттері мен жолдарын белгіледі. Мерекелік кеште Ержан Ерданаевтің «Малқамбай» атты бір актілі комедиясы және әншілердің, хордың қатысуымен екі бөлімді концерт қойылды. Қаныш Имантайұлы пьесадағы жекелеген кемшіліктерді атай келіп, орындаушылардың актерлік шеберлікке бейімделе бастағанын, сахнада өздерін еркін ұстайтынын жазды. Ол, әсіресе, Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтың тума таланты мен репертуарларының мазмұндылығына, Қалибек Қуанышбаевтың салт-сана, тұрмыс тақырыбына көрсеткен өнеріне жоғары баға берді. Қаныш Имантайұлының Құрманбек Жандарбеков басқарған хор туралы айтқан сын-пікірлері де маңызды. Ол хордың мүмкіндіктерін ұлғайту, бірыңғай дауыстан көп әуенді дауысқа көшу туралы ақыл-кеңес берді. Мұхамеди қойған би нөмірлері жайлы да жазды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев халықтың музыкалық творчествосын өте жақсы білді. Ол аса көрнекті халық композитор-әншілері Ыбырай Сандыбаевты, Майра Шамсутдинованы, Жаяу Мұса Байжановты, Естай Беркінбаевты көзімен көріп, олардан көптеген ән үйренді, сол әндерді үйінде айтып отырушы еді. Оның жақын достары арасында Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалибек Қуанышбаев, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Елубай Өмірзақовтар және басқалары болды. Ол өзі білетін халық әндерін қазақ музыка жинаушысы А.В.Затаевичке айтып берді. Қ.И.Сәтбаевтың аузынан А.В.Затаевич жазып алған әндер де көркемдік және әлеуметтік құндылығы жағынан профессионал қайраткерлердің айтқандарынан кем түскен жоқ. Бұл әндер Қаныш Имантайұлын туған халқының фольклорын оның әртүрлі идеялық мағынасында тамаша ұққан адам ретінде танытады. Сәтбаев шырқаған әндерде халықтың ән творчествосының жанрлық, интонациялық байлығы әртүрлі формада, тау бұлағының сан құбылған дауысындай сыңғырлап таза естіледі. Осы әндерге берген түсіндірмесінде Затаевич былай деген: «Қаныш Сәтбаев бұл жинаққа әуен мен саз саласында бірсыпыра өте бағалы хабарлама жасап қана қоймай, сонымен бірге ән мәтіндерін беріп, олардың орысша аудармасын жасаған тамаша білгір де Баянауыл әндерінің жақсы орындаушысы!»

Жалғасы

Ұқсас жазбалар:

Шетелге танылған қазақ қыздары

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті

@. @assel_assanova