- Негізгі бет
- Тұлға
- Атақты жазушылардың ғашықтары...
Атақты жазушылардың ғашықтары
Ұлы жазушылардың қарапайым адамдардан махаббат тақырыбына келгендегі артықшылығы олар өзінің музасы (ғашық адамын "Муза" етіп алады) туралы жаһанға жария етіп жүреді. Олар туралы өлең немесе прозалық шығарма жазады. Содан барып қарапайым адамдар арасында "Адель синдромы" пайда болса керек. Кезінде Хәкім Абай: "Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол", деп немесе мұзбалақ ақын Мұқағали: "Шын ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға, Мен болмасам, болмайын сол аман ба?" деп жырлады. Бүгін біз атақты жазушылардың ғашықтары туралы баяндамақпыз.
Ел аузындағы аңыздарға сенсек, Ғалия – сұрлау, аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, қолынан өнері төгілген шебер болған екен. Қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша, Ғалияны жастайынан Біржан деген кісіге атастырып қояды. Ес кіріп, етек жиған Ғалияны көп ұзамай ұзатып жібереді. Алайда, көңілі сүймеген Біржанмен ұзақ тұра алмаған ару 1-2 жылдан кейін өз ел-жұртына қайтып келеді. "Тірі адам тіршілігін жасайды" деген аталы сөзді бағдарға алған Ғалия Ақмоладағы ірілі-ұсақты базарларда қымыз сатумен айналысады. Бір кездері өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі тал шыбықтай бұралып, көп азаматтың діңкесін құртады. Осылай жүргенде біздің атамыз, ән еркесі Балуан Шолақпен танысады. Шолақ Ғалияны бір көргеннен ұнатып қалған көрінеді. Ғалия апамыз да кетәрі емес болса керек, екеуі есебін тауып, жолығып тұрады. Арада махаббат алауы пайда болып, қос ғашық өмірлерін бірге өткізуге уәде беріседі. Осындай бақыттан бал-бұл жанып жүрген кезінде сері жігіт Балуан Шолақ "Ғалия" әнін дүниеге әкеледі:
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дуалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең...
Балуан мен Ғалияның арасы әншінің әнімен, елдің дуылдаған әңгімесімен дүйім жұртқа жайылады. Дұшпандары "Шолақ ұры, қарақшы, содан пәлен жылға сотталып, айдалып кетті" деп өсек таратады. Нақ сол кезде басы бос жас әйелге қызығып сөз салушылар да көбейіп кетеді. Әбден мезі болған әке-шешесі тығырыққа тірелген Ғалияны екінші әйелі етіп біреуге ұзатып жібереді. Ғашығына қосыла алмай аһ ұрған Балуан түрмеде жатып оған бірнеше ән шығарады. "Ғалия" әнінің бірінші, екінші, үшінші түрлері бірінен соң бірі осылай дүниеге келеді.
Балуан Шолақтай арыстың жүрегін жандырып, өлмес ән кейіпкеріне айналған аққудай апамыз айықпас дертке шалдығып 1922 жылы көктемде 48 жасында қайтыс болды.
Мәриям Қожахметқызы 1909 жылы 15 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келген. 16-дан жаңа асқан шағында Сәбеңмен қосылып, 47 жыл бірге өмір сүріп, төрт ұл, екі қыз, он екі немере, он алты шөбере, үш шөпшек сүйген ана.
Кейбір дерек көздерінде "Мәриям апай, еркекшора өскен. Он бес жасқа келгенше басына бөрік, аяғына саптама етік киген. Ер балаша киініп, етігінің қонышында қамшы жүретін болған" дейді. Мәриям апайдың әжесі Зейнеп әулеттің анасы атанған кісі болған. Мәриям апайдың шашын он бес жасқа келгенше әжесі қымызбен жуған екен.
Қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті қаламгер Сәбит Мұқановқа аяулы жар, ақылшы дос бола білген Мәриям Қожахметқызы Жамбыл, Кенен, Сәкен, Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден бастаған әдебиетіміздің алыптарының көзін көрген, солармен дәмдес-тұздас, сыйлас болған жан. Ол өзінің кемел ақыл ойымен, мейірбан жүрегімен, елжандылығымен, көпшіл, қонақжайлылығымен қазақтың зиялы қауымы арасында үлкен құрметке ие болды.
Сәбит Мұқановтың соңында қалған асыл мұрасын жинап, сақтауға, Алматыдағы мұражай үйінің халыққа игі қызмет көрсетуіне үлкен үлес қосып, жазушының қағаз-қаламынан, кітаптарынан бастап, тұтынған заттары мен бағалы мүліктеріне дейін түгелдей мұражай қорына тапсырып, ел игілігіне жаратуға өнегелі жұмыс жасады. 2000 жылы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы шараларының ортасында жүрді. Сәбең туралы “Менің Сәбитім”, “Сағынышым Сәбитім” атты естелік кітаптар жазды.
Жұматай алғаш Ләйләні би кешінде көріп қалған екен. Есіктен кіріп келген сұлға бірден көзі түскен. Ләйлә да келбетті ақынға кет әрі емес екенін білдіріп, оны биге шақырған. Биге шықпай қойған ақынға Ләйлә орамалын ұсынып, шығып кеткен. Бұл Жұматайдың Ләйләні алғаш көруі еді. "Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім, Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің, Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп, "Ақын болсам, - деп, - атақты", армандап едім", - деп содан бастап ақын ғашықтық жырларын бұрқыратып жаза бастаған.
Өлеңдегі музасын тапқан ақын сүйіктісін екінші рет КазГУ қалашығынан сырттай көріп қалған. Ол кезде Ләйләнің жанында бөтен жігіт тұрған соң, ақын жақындауға бата алмаған. Үшінші рет ауылда көрген. Мәскеуге оқуға кеткен Ләйлә елге оралғанда сыртынан ғана көріп, көз қуанышына сырттай тәнті болған. Мұны өз әңгімелерінде Жұматайдың жары Зайда Елғондинова растайды.
"Жұматай маған арнаған өлендерін еш уақытта оқып берген емес. Мәскеуде оқып жүрген жылдары анам өз хаттарының арасына жергілікті басылымдарға жарияланған Жұматайдың жырларын салып жіберетін. Сол газет қиындылары жеке мұрағатымда сақтаулы. Мен ол өлеңдерді әдебиетте орны бар қазақтың үлкен ақынының шығармаларындай емес, махаббат машақатына түскен жас жігіттің бүршік сезімі ретінде қабылдайтынмын. Мүмкін, жастығым немесе сөз атасын жетік танымағандығым шығар", – дейді Ләйләнің өзі.
Пушкиннің жары Наталья Гончарова
Наталья Николаевна Гончарова 1812 жылдың 27 тамызында Тамбов губерниясының Кариан иелігінде туып, 1863 жылдың 26 қарашасында Санкт-Петербургте қайтыс болған.
Натальяның әкесі, Николай Афанасьевич Гончаров (1787—1861) көпестер мен өндіріспен айналысушылар, кейін Елизавета Петровна императрицасы кезінде дворяндыққа ие болған отбасынан шыққан.
Наталья Николаевна Гончаровтар отбасының 7 баласының бесіншісі болған. Пушкин Наталья Гончарованы 1828 жылдың желтоқсанында Мәскеуде, танцмейстер Йогельдің балында кезіктірді. 1829 жылдың сәуір айында ол Фёдор Толстой-Американецтен Натальяның қолын сұрады. 1831 жылдың 18 ақпанында (2 наурыз) Мәскеу шіркеуінде екеуінің некелері қиылды.
Сақиналарды ауыстырған кезінде Пушкиннің сақинасы бірінші еденге түсіп кетеді, сосын оның майшамы сөніп қалады, сол кезде ол ренжіп: "Жаман жорамалдар!" деген екен. "Мен үйленгенмін — және бақыттымын; бір ғана тілегім, өмірімде ештеңе өзгермесе екен, бұдан жақсы ештеңені қаламаймын. Бұл күй мен үшін жаңа күй, жаңа туған нәрестедеймін", — деп Пушкин өзінің досы Плетнёвке тойдан кейін жазған болатын. Жастар Мәскеудегі Пушкиннің жалдамалы пәтерінде тұрды. Араларындағы сезім небәрі 6 жылға ғана созылды. Атақты ақын 1837 жылғы Дантеспен дуэль кезінде қайтыс болды.
Онре де Бальзактың музасы Эвелина Ганская
Эвелина Ганская 1801-82 жылдар аралығында өмір сүрген. Олардың арасындағы байланыс 1832 жылы Оноре де Бальзакқа хат жазудан басталған. Ол хаттың сыртында "Беймәлім жан" деген жазу болыпты. Бейтаныс жанның Одессадан келген хаты Бальзактың қызығушылығын оятады. Ол – граф Венцослав Ганскийдің әйелі Эвелина болатын. Хат арқылы басталған хал-жайдың соңы махаббатқа ұласады. Олар 16 жыл бойы хат алысып жүреді. Эвелина неміс және ағылшын тілінде өте сауатты сөйлеген. Әрі француз тілін де еркін білетін болған. Ал арадағы ғашықтық хаттары француз тілінде жазылған.
Атақты жазушы өмірінің соңғы жылдарын бірге өткізген Эвелинаны қатты жақсы көрген деседі. Оны музасына жазған хатынан да байқауға болады: "Мен сіздің аяғыңыздың астына басымды қойып, қиял теңізіне шомып, өзімнің ойларыммен рахаттанып, ал кейде ештеңе айтпай, көйлегіңізге ернімді тигізіп жатқым келеді. О, менің махаббатым Ева, өмірімнің қуанышы, қараңғы түндегі жарығым, үмітім, сүйіктім, бағасыз алтыным! Мен сізді қашан көремін?! Мен сізді әлде көрдім бе, өңім бе, түсім бе?! Тәңірім-ау, сіздің акцентіңізді қаншалықты сүйетінімді білсеңіз ғой! Періштем менің, мұны айтуға рұхсат етіңіз: сіздің жұмсақ ерініңіз сондай сезімтал. Желтоқсан айының екі аптасын сізбен бірге өткізу үшін күн-түн демей жұмыс істеймін. Жол-жөнекей ақ қар басқан Юр тауын көремін, көремін де сіздің ақ иығыңызды ойлаймын. Эх, шашыңыздың жұпарын жұту, балғын денеңізді құшағыма қысу, мұның бәрі дегбірімді алып, шабытымды оятпақ! Достарым менің күш-жігеріме таңданыспен қарайды. Эх, олар кез-келген адамның шынайы сезімі барлық қиындыққа қарсы тұра алатынын білсе ғой! Періштем менің, бір рет қана сүйдім, бір рет баяу ғана сүйдім. Қайырлы түн!"
Т. Раушанұлы