- Негізгі бет
- Көкжиек
- Сәбит Мұқановтың ең...
Сәбит Мұқановтың ең көп айтқан сөзі:"Шашыңнан айналайын, Мәриям"
(С.Мұқановтың «Сұлушаш» романы желісінде)
«Өмірде болған оқиғаның бәрі кітапқа кіруге сұранып тұрады» деген екен француз ақыны Малларме. Өзі көрген, сезінген, жүрегінің түбінен терең орын алған нәрселерінің бәрін маржандай етіп тізіп кітабына енгізген дүниеде екі жазушы болса, оның бірі - Сәбит Мұқанов.
Сәбит Мұқанов халықтың сүйікті жазушысы болды. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеп, әдебиет тарихы, ұлы тұлғалар өмірі туралы зерттеу еңбектерін жазды. Ғабит Мүсіреповтың тілімен айтсақ «Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энциклопедия».
Ендігі әңгіме, осындай өмірдегі бар кейіпкерді шығарманың басты арқауы етіп алған «Сұлушаш» жөнінде болмақ.
Т.Нұртазин шығарма туралы былай баға берген еді: «С.Мұқановтың «Сұлушаш» атты роман-поэмасы жеке кітап болып шықты... Қазақ тілінде осы күнге дейін көлемді әлеуметтік роман жоқ».
С.Мұқановтың «Сұлушаш» романы жөнінде көп арасында поэма деген ұғым қалыптасқан. Өлеңмен жазылғандықтан, «поэма» деп атайды, бірақ ол жаңсақ пікір. Оны дәлелдеу үшін жазушының Майра Жансееваға жолдаған хатында «Сұлушаш» - өлеңмен жазылған роман деп жазылсын» деп атап көрсетіпті. Кейінгі зерттеу жұмыстарында да жазушының осы пікірі тарамдатыла баяндалып жүр.
Сәбит Мұқановтың 26 жасында қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегі – өлеңмен жазылған «Сұлушаш» романын дүниеге әкелуі еді. «Жиырманың ішінде ұлт әдебиетінде құбылысқа пара-пар шығарма жазу әдебиет тарихында сирек кездеседі. Бұл ретте жастық пен кемелдікті ұштастырған жазушы санатында әлемдік әдебиет тарихында Шолохов пен Томас Маннды ғана айта аламыз,» - деп Қ.Ергөбек «Сұлушаштай» романды тудырған автор еңбегін жоғары бағалаған.
«Сұлушаш» романы ел аузында ғасырлар бойы сақталып, халық арасында кең таралып келген аңыз негізінде жазылған. Социалистік реализм әдісі совет суретшісінен өткен күннің тақырыбын бүгінгі заманның биік тұрғысынан қарап шешуді, оған өзінің белсенді қатынасын білдіруді тілейді. С.Мұқанов та өзінің романында осы принципті басшылыққа алады.
Әр ғылымның белгілі бір кезеңі жасаған жаңалығымен есте қалады. Әдебиет тарихында да өзгеше бір серпін мен жаңалық әкелген Сәбит шығармалары, соның ішінде «Сұлушаш» еді. Себебі қазақ әдебиетінде өлеңмен жазылған тұңғыш роман және атақты поэмалардың қатарынан орын алған «Күй», «Күйші», «Көкшетаудан» бұрын жазылып, өз бағасын алған туынды.
«Сұлушашқа» екі жылдық өмірім кетті. Бұны 1926 жылдың күзінде бастап едім» - дейді С.Мұқанов. Иә, шынында жазушының айтқанындай 2 жыл уақыт кетіп, шығарма 1928 жылы басылып шыққан болатын.
Шығарма халықтық «Сұлушаш» эпосының негізінде жазылған. Себебі Сәбит Мұқанов кішкентайынан халық эпостарын жаттап өскен. Бұлай деп айтатын болсақ, негізгі кейіпкер Сұлушаштың прототипі Мариям екенін дәлелдеу қиынға соғады. Бірақ С.Мұқанов эпос желісіне сүйене отырып, кейіпкерлерді өзі араласып жүрген ортадан алып суреттеп, бейнелейді. Сұлушаштың романдағы бейнеленуінде Мариямның кескін-келбеті барлығына көз жеткіземіз. Оған дәлел:
Он алтыға келгенде кемел жасы,
Салбырап тізесіне түсті шашы - дейді.
Ал, Мариям Мұқанованың «Менің Сәбитім», «Сағынышым Сәбитім» естеліктерінде Мариям апай былай дейді:"Мен он алты жасымда Сәбитке тұрмысқа шықтым. Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік... Сәбиттің жиі айтар сөзі "шашыңнан айналайын Мәриям" болушы еді. Расында да шашым ұзын болатын. Екі шешем (туған анам мен әжем) шашымды қымызбен жуып мәпелейтінін білетін Сәбит: "Бір үйдің еркетотайы едің, қайдан білейін күте алып жүрсің бе, жоқ па шашыңды" - дейді. Бақсам мені жассынады, жайы болмай жүр ме деп ойлайды екен ғой. ...Содан бір күні Мәриям деп шақырып алып, түюлі шашымды тарқаттырды. Өргізді. Жаңа көргендей үңіліп, әр қырынан қарайды. Жас кезім, қатты қысыламын. Бірақ ештеңе демеймін» - дейді. Сол кезде Мариям апайдың шашына қарап отырып Сұлушаш бейнесін суреттеген екен.
Бір сәт «Сұлушаш» сөзінің этимологиясына көз жүгіртсек, «сұлу» және «шаш» деген екі сөздің бірігуінен жасалған. Ал сол сұлу шаштың иесі кім? Әрине, Мариям апай.
Мариям апайдың «Сұлушаш келін» атануы да тегіннен тегін емес болар. Сәбең шығарманы жазып болғаннан кейін үйіне келген Сәкен бастаған топқа осы туындыны оқып береді. Міне содан кейін Мариям апай «Сұлушаш»» атанады. Сәбиттің көптеген кесек туындылары бар. Неге солардың бірінің басты кейіпкерінің есімі Мариям апайға телінбей, Сұлушаш есімі ғана берілді? Ойланатын дүние. Себебі «Сұлушашта» Сұлушашты суреттегендегі Сәбиттің жан қиналысы, жарының шашына қарап отырып шынайы болмысты бере білуі оқырманды баурап алады.
Күн-күн санап толқыды туған айдай,
Қап-қара көз, қыр мұрын, қасқа маңдай.
Қаз мойынды, кең иық, сұлу тұлға,
Тіп-тік тауда өскен қарағайдай.
Кір қожалақ табанын тас тілсе де,
Жүдемеді, үдеді гүлдей жайнай – деп шығармада берілген суреттеу өмірдегі Мариям апайға қатты ұқсайды, себебі Сәбит екеуі қанша қиыншылық көріп, барар жері болмаса да мойымайды. Мариям апайда тән сұлулығы мен жан сұлулығы астасып кеткен.
Сонымен қатар шығарма мазмұнында Сұлушаш байдың қызы болса да, кедейден шыққан Алтайға ғашық болады. Оның кедейлігін мін санамай, адамгершілік қасиетіне бас иеді. Мұның өзі Сәбит Мұқановтың өз өміріне тым қатты ұқсайды. Сәбит те сіңірі шыққан кедей отбасынан шығып, өзінің еңбекқорлығының, бейнетқорлығының арқасында жанкештілікпен, азулымен алыса жүріп биіктерден көрініп, тарихта аты қалған Сәбитке айналды.
Апайдың қолаң шашына қатысты өзінің «Менің Сәбитім» атты естелігінде былай дейді: «Әлі есімде, 1942 жылы, күзде Мәскеуден келген жазушылардың бәрін үйімізде қонақ еттік. Қой сойып, А.Толстойдың алдына қазақ рәсімімен бас тарттық. Әйелі Наталья Ильиничнамен екеуі таңданумен болды. Менің ұзын екі бұрым шашыма қайта-қайта қарап, «жасанды емес пе» деп сұрады. Қасына отырғызып, бұрымымды қолымен ұстап, таңданысын жасыра алмады. Сол жолы ескерткішке деп суретке түскен едік, кейін жоғалтып алдым». Бұл да болса Мәриям апайдың шашына таң қалған адамдардың бірі ғана. Сәбит Мұқанов сөз арасында айтып отырады екен «Сұлушашты» сенің алтын шашыңа арнадым» деп.
С.Мұқанов өмірінің соңғы жылдары Жезқазған облысында болып, Сарыкеңгір, Қаракеңгір атты қос өзен арнасын аралап, белгілі-белгісіз көп тарихи ескерткіш-зираттармен егжей-тегжейлі танысады. Бұрында да болған екен. Енді әлдене іздеген сыңайы бар. Ақыры іздегенін тауыпты. Сол өңірдегі ескіден жеткен ескерткіштің біріне «мынау Сұлушаштың белгісі, мазары» - деп таңба салыпты. Тосын оқиғаға төңірегіндегілер түсінбейді, әрине. Жазушы «солай болсын халайық енді» депті. Үні жалынышты еді дейді. Көзінде жас тұрды дейді. Міне, өз кейіпкерін соншалықты қатты жақсы көру. Мұнан білеріміз, «Сұлушаш» - жазушының жүрегіне тым жақын, қатты жақсы көрген туындысы. Кей естеліктерде С.Мұқанов үлкейген шағында да бала кезінде өзі жырлаған «Сұлушаш» дастанын домбыраға қосып айтып отырады екен.
Ресми идеология «Сұлушаш» туралы қаншама қатты пікір айтып, қоғамдық сананы қақпайласа да, романды халық жақсы қабылдады. Халықтық эстетика болашағының зор екендігін көрсетті. Шынында да, халықтың сүйіп оқитын шығармасына айналды. Тіпті жастар жаттап алып та айтып жүрген кездері болған.
Қорыта келсек, С.Мұқановтың «Сұлушаш» романы эпос желісінде жазылған шығарма болғанымен, бүгінгінің шындығын қамти, өзгерістерге ұшырай жазылған. С.Мұқановтың өзі бұл туралы былай дейді: «Мен маңғаз Алтайды құлдың баласы, өмірі кісі есігінде мехнат көрген батрақ еттім. Құлдың баласына ғашық Сұлушаш Сүйіктісімен елге сыймай, тағы тауға барып паналаған болып шықты. Қайсар, Ермектерді жанымнан қостым да, сюжет құрдым».
Сонымен қатар, романды С.Қирабаев «Сұлушаш» махаббат тақырыбына жазылған шығарма емес, үлкен саяси әлеуметтік туынды» деп жоғарыда айтылған Т.Нұртазиннің пікірін қостайды.
«...аз ба, көп пе Сұлушаш бейнесін жасауда жазушы өз жарының портретін пайдаланған» - деп Құлбек Ергөбек айтқандай, романмен қатар Мариям апайдың жан жары Сәбеңе арнап жазған естелік кітабын, «Өмір мектебі» трилогиясын оқыған көзі қарықты оқырман бірден байқайды: мінездің берілуі, сыртқы бейнелерінің сипатталуы бірдей деуге болады. Ұқсастық табады.
Сәбиттің идеологиялық көзқарасына қаншама сыни пікірлер айтылса да, шығармалары төмендеген жоқ, қайта биік тұғырдан көрінеді. Халықтан асқан ұстаз жоқ. Не нәрсенің де бағасын беретін халық болғандықтан, Сәбит Мұқанов халық арасында әлі беделді. Оған Мұхтар Әуезовтің мына сөзі куә: “Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі”.
Арнайы Массагет.кз үшін: Ақжүніс Оспанқызы
сурет:map.nklibrary.kz
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига