Айым да - сен, Ғалия, күнім де - сен...

Айым да - сен, Ғалия, күнім де - сен...

Қазақ арасында аты аңызға айналған арда азаматтарымыздың бірі – Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы. Қайталанбас ұлт батыры, әнші, сазгер атамыз көпшілікті серілігімен сүйсіндірген біртуар жан. Бірақ Балуанның бақытты, базарлы күндерінен гөрі, басына бұлт үйірілген, мазасыз шақтары көп болды. Нәзік жандыларға жұғымды болса да, бақыты баянсыз, ел-жұрты көкке көтеріп қадірлесе де, тағдыры тұмансыз еді…

Бүгінгі әңгімеміз Балуан бабамыздың алаштың аруына деген аяулы сезіміне, Ғалияға деген аңыз, аңыз бола тұра, баяны жоқ махаббаты хақында болмақ. Яғни, Балуан Шолақтың пәк сезімін қазақ даласына паш еткен – «Ғалия», «Сұрша қыз» әндерінің төңірегінде ой өрбітетін боламыз.

Балуан Шолақтың суреті

Ән тарихы. Сол заманда Ақмола жерінде Арғын руынан шыққан Тілеу деген кісі өмір сүрген деседі. Осы кісінің үлкен әйелінен өмірге Ғалия (Кейбір деректерде Қалия), Мария деген қыздар дүниеге келеді. Ел аузындағы аңыздарға сенсек, Ғалия – сұрлау, аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, қолынан өнері төгілген шебер болған екен. Қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша, Ғалияны жастайынан Біржан деген кісіге атастырып қояды. Ес жиып, етек жиған Ғалияны көп ұзамай ұзатып жібереді. Алайда, көңілі сүймеген Біржанмен ұзақ тұра алмаған ару  1-2 жылдан кейін өз ел-жұртына қайтып келеді.

Ғалияның суреті

«Тірі адам тіршілігін жасайды" деген аталы сөзді бағдарға алған Ғалия Ақмоладағы ірілі-ұсақты базарларда қымыз сатумен айналысады. Бір кездері өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі тал шыбықтай бұралып, көп азаматтың діңкесін құртады. Осылай жүргенде біздің атамыз, ән еркесі Балуан Шолақпен танысады. Шолақ Ғалияны бір көргеннен ұнатып қалған көрінеді. Ғалия апамыз да кетәрі емес болса керек, екеуі есебін тауып, жолығып тұрады. Арада махаббат алауы пайда болып, қос ғашық өмірлерін бірге өткізуге уәде беріседі. Осындай бақыттан бал-бұл жанып жүрген кезінде сері жігіт Балуан Шолақ «Ғалия» әнін дүниеге әкеледі:

 Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Менің көңілім, Ғалия, дуалансын

Ауған түйе секілді бейімдесең...

 

Нұр сипатын, Ғалия, жамалыңыз,

Ешбір жанға тимегін залалымыз.

Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан

Әлдеқандай болады заманымыз

Бірде атақты Қажымұқан балуанның әкесі о дүниелік болып, елге келген екен. Оның қайғысына сері Шолақ та ортақтасып, «Арты қайырлы болсын» айта барыпты. Сонда Қажымұқан: «Аға, маған аңызға айналған Ғалия сұлуды көрсетіңізші» деп інілік өтінішін білдіреді. Сонда Шолақ әлемге танымал палуанды Атбасардағы қымызханаға ертіп келеді. Қымызхана қызметкерлері даңқы шыққан екі палуанды оңаша үйге түсіріп, қадірлеп күтеді. Ол кезде талдырмаш бір келіншек барлық қызметті өзі жасап жүрсе керек. Дәмді сыбаға желініп, бал қымыз ішіліп болған соң, Балуан әдетінше үкілі домбырасын қолған алып, ән шырқай бастайды. Уақыт өтіп бара жатқан соң Қажымұқан шыдамсыздық танытып:

-         Балуан аға, әлгі Ғалияңыз қайда? – дейді. Сері Шолақ мырс етеді де:

-         Бәтшағар-ау, әлгі қызмет көрсетіп жүрген Ғалия емес пе? – деп селкілдеп күліп жібереді.

Еуропаның князьдары мен  дворяндарының ұйымдастырған балдарында, Шығыстың сұлтандары мен бекзадалары жасаған сауық-сайрандарда таңдай қақтырарлық сұлуларды көріп жүрген Қажымұқан әлгі сепкіл бет келіншекті жақтыртпай:

-         Ондай әзілдеріңізді қойсаңызшы. Елдің еркесі, даланың серісі сондай әйелге ғашық болады ма? – депті. Сонда Балуан:

-         Пәлі-ау, сен оған менің көзіммен қарасайшы, - деген көрінеді.

Мұның аңыз әлде шын екенін нақты айту қиын. Дегенмен, ел арасында солай айтылып, солай жазылып та жүр. Әйтеуір, аңыз атамыздың Ғалияға деген сезімі ерекше болғаны анық. Әйтпесе, күллі қазақ даласы сүйіп шырқайтын ғажап әндер дүниеге келер ме еді?

Жалғасы бар...

Суреттер:info-tses.kz,baiolke.com,horde.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар