Жыр аққуы 82 жасқа толды

Жыр аққуы 82 жасқа толды
Фото: vecher.kz

Бүгін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009) Марфуға Айтхожинаның туған күні. Қазақтың жыр аққуы атанған ақын 82 жасқа толды.

Марфуға Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. Ақынның балалық шағы қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған, халқымыздың салт-санасын қаз-қалпында сақтаған ортада өтеді. 1956 жылы Құлжадағы қыздар гимназиясын бітіреді. 1958 жылы атамекенге оралған. 1965 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітірген.

Алғашқы өлеңдер жинағы "Балқұрақ" деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейіннен әр жылдары "Шыңдағы жазу", "Жастық шақ", "Аққуым менің", "Қаракөз айым", "Баянжүрек", "Көзімнің қарасы", "Ақ бесігім", "Жарқыра, менің жұлдызым", "Қыран жеткен", "Таңдамалы", "Сағыныш сазы", "Жапырақ сілкінген кеш", "Аңсау", "Аққу жүрек", орыс тілінде "Утверждение", "Голубые голуби", "Струна степей", "Горсть земли", "Украшение коня", "Летние росы" өлеңдер жинақтары жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы т.б. тілдерге аударылған. Марфуға Айтхожина "Аңсау", "Ақку жүрек", Алатаудың Ақ батасы" туындыларында Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін эпикалық кең тыныспен жырлайды.

Ақынның поэзиясында ерекше бөлек әуен еседі. Көңіл-күй лирикасында адам жанын тебірентетін, ойын толқытатын ерекше бір күш бар. Әсіресе туған жер тақырыбына келгенде сөзден ғажайып суреттер бояуын төгеді.

Марқакөл

Көрген де, көрмеген бар Марқакөлді,
Атын естіп құштарым арта келді.
Алтайдың алтын арай ару көлі,
Алыстан арбап мені тарта берді.
Мақтан етіп осынау Марқакөлінде,
Ән қосып домбыраға тартады елің.
Аунай түсіп жатқан бір ару дерсің,
Алтайға арта салып арқа белін.
Алып екен Алтайдың жартасы да,
Аспанда арқалап тұр арқасына.
Достарым, көрем десең,
Төңкерілген Марқаның бар қасына.
Шығыстың бар ма сұлу Марқасындай,
Жібек бауы есілер тарқатылмай.
Жиектен толқын қашып бара жатыр,
Жұлдыздарды билетіп, арқасында ай.
Алтай үсті мұнардан арылмаған,
Шіркін-ай, өзендерді-ай арындаған.
Шалқып бір Марқаға ұқсап өтер ем ғой,
Бітсе егер табиғаттай дарын маған.
Толқынын тербеп самал әлдилеген,
Ағылып жатыр маңнан ән-күй деген.
Әніне құстар салған балқып кетіп,
Кеш болса шырша, қайың, қалғиды емен.
Армандай аңсаушы едім Марқакөлді,
Жанарымды көл сиқыр тарта берді.
Жарасқан ғой сұлулық саған ғана,
Жата бер, биіктетіп мәртебеңді.

Доғалы

Тынбай жүйткіп келеміз біз жоғары,
Емес, сірә, таусылатын жол өлі.
Көруге бір бәріміз де құмармыз,
Сұлу көлді тау ішінде "Доғалы"

Тау тұмсығын көлге тіреп бүйірден,
Төне түсіп ұшпа жартас шүйілген.
Құдіреті-ай, табиғаттың шебері-ай,
Күлкіні әкеп су бетіне үйірген.

Көл жанары жаудырайды жасымай,
Жатқан ғой ол жылдар қанша осылай.
Қарайды екен ұзақ таңға көз ілмей,
Ақ сәулесін осынау көлге тосып ай.

Көлдің шеті доғаға ұқсап иілген,
Ару ма деп қаласың киінген.
Төне түсіп келбетіне жартаста,
Ақын отыр іштей толқып сүйінген.

Танакөл-ай, сұқтандырған талайды
Сусылдаған құрғақ шашын тарайды.
Толқынымен сипап өтіп денемді,
Сағынышты бастың-ау бір талайғы.

Қостағандай ерлерінің құтты ісін,
Өркешінен бұлт шатырын жықты шың.
Тауға тасқа қоя берген ат тауып,
О, қазағым, сен не деген мықтысың?

Маңырақ

Жанымды бір көргеннен жадыратқан,
Жер бар ма, шіркін, өтер Маңырақтан.
Бір кезде осы ауылда, осы маңда,
Естай да "Назқоңырын" аңыратқан.

Мөп-мөлдір бұлақтарды-ай жарып аққан,
Әр тұстан үн қатады жамырап маң.
Көгілдір мұнар қалқып тау төсінде,
Көк түтін будақтайды шаңырақтан.

Бұл маңға келсең жанға жырақ,
Сан құбылып, тұрғандай өзгеріп-ақ.
Асан қайғы сүйсініп айтқан екен,
"Кетермеді желмаяға өңгеріп ап".

Көк сағымның ішінде тербелемін,
Сұлу тауға таңданып мен келемін,
Бетіне торғын мұнар бүркеп алып,
Ұйықтап жатқан аруға теңгеремін.

Елге бардым

Елге бардым, елпілдеп шыққан алдан,
Қайран жеңгем!
Жанарын шыққа малған.
Тау-тасына құшағым қауышқанда,
Айтқызбай-ақ жүректен ұққан арман.

Елге бардым, жайынды Ана — құшақ,
Елес берді еркелеп балалық шақ.
Қатарлары сиреген,
Сұңғылам-ай,
Ой толғанып отырды далаға ұқсап.

Көз жұмыпты кешегі асыл құрбым,
Бұлағына көзімнің жасын жудым...
Қарды омбылап қабірін іздеп жүріп,
Аруақтар алдында басымды идім.

Жүрек симай кеудеге барады ойнап,
Ойнағаны —
Жатқандай және де ойлап.
Жақындығы араға сына симай,
Қабірнама қалыпты далаға орнап...

Көзге елестеп өткеннің бәрі-бәрі,
Көңіл шіркін қауыздай тарылады.
Қашанғы күңгірт күнді кеше берем,
Басымнан қайғы қашан арылады?!

Көзден жасым тиылмай жосылады,
Талай бөгет жатыр ғой тосып әлі.
Әке ұлынан айрылған,
Қыз анадан,
Басы қашан елімнің қосылады?!.

Елге бардым, Елпілдеп шыққан алдан,
Қайран жеңгем!
Жанарын шыққа малған.
Тау-тасына құшағым қауышқанда,
Айтқызбай-ақ,
Жүректен ұққан арман!

Сайрамға деген сағыныш

Жандардың кешірмейтін қорқақтығын,
Керемет көркің жұртқа ортақ бүгін.
Шашымды толқыныңа сан таратқан,
Кешегі тентек күнді аңсап тұрмын.

Еркелік қысып кейде,
Қызып қаным,
Жүруші ем жүрегімнен үзіп жалын.
Аңдитын айлы кеште сұңғақ жігіт,
Білдіртпей сонша үзіліп қызыққанын.

Келетін сауық құмар жеңгелер де,
Қазақтың келіндері кем бе өнерге.
Аққудың сыңқылыңдай күлкілері
Қосылатын шашпауда теңгелерге.

Сол сылқым сезді ме екен бата алмасын,
(Жасырып жеңгелерден жатар ма сыр)
Ішінен көп жеңгемнің іздегендей,
Тастамас сөзін жерге,
Қатарласын.

Сол такаббар мінезін қойды қызың,
Ендігі көріп тұрсың ойлы жүзін.
Бар ма деп өткен күннен жалғыз белгі,
Сайрамның қатып жатқан ойдым мұзын.

Мұз ғой тек,
Мұздың аты суық асқан,
Жүретін қыста жұрттар жуымастан.
Көл жатыр мұз құрсаулап,
Қар жамылып,
Буалдыр көлдің бетін буы басқан.

Жатса да жүрегімнің түбінде мұң,
Бой тартып,
Мен тұнықтан түңілмедім.
Көргендей болам кейде ерке қыздың
Бұлғаңдап қос бұрымы жүгіргенін.

Құзын да,
Елең қылмай шатқалын да,
Ойнап бара жатқандай ат жалында.
Өзіңе жаны ұқсаған өренің бар.

Тұратын айтуға да
Мақтануға.
Жүретін құйындатып ат баурында,
Ерке қыз,
Маған тартқан жоқ па мұнда.
Желіндей желпіп өткен Сахараның,

Жақының,

Мен болармын

Жатбауырың да...

Көңілінде бар дейсің бе,
Қандай тілек,
Жан тынбас жағаңа бір алмай түнеп.
Баурыңа басып мені баулысаң да,
Тағдыр ғой,
Жүрмін сенен шалғай түлеп.

Талқының бетке ұстаған биіктерін,
Қайтейін қимай барам,
Тұнық көлім!
Толтырып кетейінші қарашыққа,
Тым нәзік сезіміңді құйып сенің.

Болар ма одан асқан тілек менде,
Ақынға ел таныған,
Тірек кем бе.
Кеудемді тартып барам керуендей,
Қалып бара жатыр-ау,
Жүрек сенде!..

Солтүстік самалы

Соғар тынбай
Солтүстіктің самалы,
Серуендетіп,
Серпілдіріп даланы.
Көк шыршалар жағалауда мүлгиді,
Керген талай —
Көне менен жаңаны.

Көк шыршалар —
Көкке ұмтылып бойлауда,
Бар ғой еркі,
Бойлауға да, ойлауға.
Қайғы кешкен,
Қайран сол бір бабалар —
Кетті дейтін, «итжеккенге — айдауға..

Келдім, міне, мен өзіңді жырлауға,
Өршіл өлең —
Өрнегімен сырлауға.
Кешегі бір
Кері аққан кер толқын
Үстіменен желқайықтар зырлауда.

Талай-талай
Түскен ауыр сындарға,
Өскен елдің ұрпағы едім шындарда.
Жамыраған
Жапырағы қайыңның,
Жауап беріп тұр ма дерсің жылдарға.

Соғар тынбай,
Солтүстіктің самалы,
Серуендетіп,
Серпілдіріп даланы.
Көк шыршалар жағалауда мүлгиді,
Көрген талай —
Көне менен жаңаны...

Н. Үсенова