Сабақ жоспары: Ізгілік іздеп келемін

Сабақ жоспары: Ізгілік іздеп келемін
Фото: voxpopuli.kz

Сабақтың тақырыбы: Ізгілік іздеп келемін…
Сабақтың мақсаты:
а) адамгершілік құндылықтарды, өмірді тану, жақсылық жасау, ойлылық, ұжымшылдық жайлы меңгерген білімдерін қорытындылау;
б) күнделікті өмірде нақты мәселелерді шешуде адамгершілік құндылықтарға сай ұжымда бірлесе жұмыс істеу іскерліктерін дамыту;
в) имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеу

Сабақтың көрнекілігі: Нақыл сөздер, шарлар, жүрекшелер, қағаздан жасалған су тамшылары, плакат
Сабақтың әдісі: Топтық жарыс
І-топ «Ізгілік»;
ІІ-топ «Игілік»

Сабақтың барысы:
І. Оқып үйренейік
ІІ. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
ІІІ. Жаным толған жақсылық.
І V. Жылы жүрек, жақсы тілек.

Ұйымдастыру: «Біз тұрғызатын қоғам арды бағалайтын,белсенді, жоғары моральді, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұру керек», - деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай білім берудің шынайы мақсаты адамға белгілі бір білімді үйретіп қоймай, сонымен қатар әрбір шәкірттің рухани адамгершілік қасиеттерін дамыту екені баршамызға мәлім.

Баланы мәдениеттілікке, сыпайылыққа, әдептілікке баулу – ата-ананың да, мектептің де ең басыт міндеті. Бала үйде де, мектепте де, қоғамдық көпшілік орындарда да әдепті, сыпайы болуы керек.

Әр бала – керемет рухани күш иесі .Рухани бай, ары таза, адамшылық қасиеттерді бойына сіңірген мемлекетіміздің тірегі болашақ азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеу біздің үлесімізде, осы күрделі де, игілікті істерде табысқа жете білейік.

Шаттық шеңбері: Достық
Сөзі: Е.Елубаев.
Әні : И. Нүсіпбаев
Ортақ мекен – жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы
Достығымыз жарасқан.
Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жер ортақ
Ортақ бізге барлығы.
Туыспыз біз бәріміз,
Бір Отанды сүйеміз
Бақытты елде туған соң,
Бақытты өмір сүреміз.

І. « Ізгілік» Ж. Баласағұн «Құтты білік» дастанынан үзіндіні әр топтан бір оқушы шығып, мәнерлеп оқиды да, әр топ «ізгілік» сөзіне сипаттама береді.

Ізгілік
Ж.Баласағұн. «Құтты біліктен» үзінді

Ізгілік не? Тегі қандай ? Түсі қандай өзінің ?
Мінез-құлық, ісі қандай өзінің ?
Ізгіліктің нышаны ?
Халық үшін қайтпай құрақ ұшады.
Ізгі жүрек ізгілігін сатпайды,
Жомарт жандар құнын тілеп жатпайды,
Қайырымды жан қайырым етпес есеппен,
Есе күтсең, ұрғанмен тең кесекпен...
Қадірсіз зат шеттеп жерде қалады,
Асыл нәрсе төрден орын алады.
Ізгі іс етсең – текті тірлік сүргенің
Жауыздығың – жерге тірі кіргенің.
... Ізгі ісіне опық жеген жан бар ма?
Жаманатты зауал таппай қалған ба?
Жамандықты қусаң азап шегесің,
Жамандыққа жақсылық қыл, жеңесің!

ІІ. Жақсыдан үйрен, Жаманнан жирен
Әр топ тақырыпты ашатын сахналық көрініс қояды.

«Игілік» тобы : «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең өзіңе» аңыз әңгімесінің желісі бойынша сахналық көрініс қойып тұжырымдама жасайды.
«Ізгілік» тобы: «Таза бұлақ» Ы.Алтынсарин әңгімесінің желісі бойынша сахналық көрініс қойып, тұжырымдама жасайды.

ІІІ. Жаным толған жақсылық. Шығармашылық жұмыс.

Балалар, ыңғайланып отырып алыңдар, көздеріңді жұмыңдар. Өздеріңді көгілдір де ғажайып, мөлдір де таза, салқын су жағасына келдік деп елестетіңдер. Су жанымызға әсемдік сыйлап, сылдырай ағады. Тап-таза айнадай мөлдір судың бізге айтары бар сияқты. Біз су жағасына жақындап екі қолымызбен бір уыс су тамшысын іліп алдық. Алақанымыздағы су тамшыларын төгіп алмайтындай, уысымызда аялай ұстап көзімізді ашамыз.

– Алақандарыңдағы су сендерге не айтуы мүмкін, сол суды қалай пайдаланар едіңдер?
Балалар, біз судың қандай жақсы қасиеттерінен үлгі алсақ болар еді?
Әр оқушы өз ойын білдіре отырып, әрқайсысы қағаздан жасалған су тамшыларынан «Жақсылық дариясын» құрайды.

Дәйексөз: «Өмір теңіз. Жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз»  А.Рудаки.

Оқушылар сөздің мағынасын талдап түйіндеме жасайды.

Қорытындылау «Ізгілік» сөзжұмбағын шешу арқылы жүзеге асады.

ІV.Жылы жүрек, жақсы тілек
Оқушылар шеңберде бір-біріне тілек айтады.

Автор: Қалияждарова Бақытгул Орынбекқызы
Еңбекшіқазақ ауданы О.Жандосов мектебінің психологы

Г. Берік