Канаданың халқы мен өнеркәсібі

Канаданың халқы мен өнеркәсібі

Канаданың қазіргі халық саны 32,2 миллионға жетеді. Негізінен Канада халқы ел аумағы бойынша әркелкі орналасқан. Ал әрбір шаршы шақырымға 3 адамнан келеді екен. Адамның өмір сүруіне өте қолайлы табиғат жағдайлары елдің оңтүстік-шығысы болып табылады. Мұнда әрбір шаршы шақырымға 100 адамнан тұра келеді. Одан бөлек, ызғарлы суық солтүстігінде әр 20-25 шаршы шақырым тұрғыны небәрі 1 азамат. Ал Канаданың арктикалық аймағындағы аралдарда адам қоныстанбаған.

Канаданың байырғы тұрғындары кезінде Азия құрлығынан ауып келген эскимостар мен үндістер болып табылады. Солтүстікке бейімделген эскимос халқы топ болып, елдің солтүстік аймағын мекен етеді. Жергілікті тұрғындардың негізгі азығын аң және балық аулау арқылы олжалайды. Ал үндістердің елдегі үлесі небәрі 4%-ды ғана құрайды. Олардың Канада территориясында 600-ге жуық тайпасы тіршілік етеді.

«Канада» сөзі эскимостар тілінде «кішкене ауыл» дегенді білдіреді. Расында бұл ел өте үлкен аймақты алып жатса да, эскимостар үшін кішкене ауыл болса керек. Себебі олар кішігірім топ болып қана өмір сүруге үйреніп қалған. Қазіргі кезде Канаданы әлемнің түкпір-түкпірінен келген көптеген ұлттың өкілдері мекен етеді. Ал елдің негізгі халқын Еуропадан, нақтырақ айтсақ, Ұлыбритания мен Франциядан қоныс аударғандар құрайды. Сол себепті Канаданың ресми тілдері ретінде ағылшын және француз тілдері алынған.

Канадаға XIX ғасырда келген 30 мыңдай орыс халқы негізінен қиыр батыстағы кішкене қалашықтарда қоныстанған. Сол кезеңде ауып келген украин халқы болса Альберта, Саскачеван және Манитоба провинцияларында шоғырланған. Одан бөлек, аумағы бойынша әлемде екінші орынды алатын елде италиялықтар, немістер, поляктар, голландықтар, еврейлер, шведтер, норвегтер мекен етеді.

Канаданың қазіргі кездегі туу көрсеткіші мен табиғи өсуі өте төмен. Ал ел азаматтарының өмір сүру жасына (80 жас) байланысты әлемде жетекші орынды алады. Канадалықтардың 80 жасқа дейін өмір сүруіне елдегі тегін медициналық жәрдем мен әл-ауқатының жоғары болуы негіз болған.

Канадалықтардың көп бөлігі шағын қалашықтарда тұрады. Елдегі урбандалу деңгейі 76%-көрсеткішке ие. Канаданың Торонто, Монреалъ, Ванкувер сынды үлкен қалалары оңтүстік-шығыста орын тепкен. Елдің негізгі қалқы мекен ететін кішігірім қалашықтарда көбіне саябақтар мен көгалдар кездеседі.

Торонто қаласы елдің жалпы өнеркәсібінің бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, аталған қала Канаданың негізгі қаржы орталығы болып табылады. Торонто қаласы айналасындағы бес қалашықпен бірігіп, 4 миллион халқы бар Үлкен Торонто агломерациясын құрайды. Ал Монреаль агломерациясында 3 миллионнан астам халық өмір сүрсе, Ванкувер агломерациясының 2 миллионға жуық тұрақты тұрғыны бар.

Дүние жүзі елдері халқының әл-ауқатының көрсеткішінде Канада тұрғын халқының тұрмыс жағдайы ең жоғары ел деп танылған. Ал XX ғасырдың соңына қарай Канаданың Ванкувер және Торонто қалалары әлемдегі тіршілік деңгейі өте жоғары қалалар қатарына енген.

Канадада өмір сүру деңгейінің жоғары, ақысыз медицина және білім беру саласының сапалы болуы өзге елдерден көшіп келушілер санын арттырып отыр. Сондықтан соңғы кезде тек ғылыми және техникалық мамандану дәрежесі жоғары болатын иммигранттарға ғана ел азаматы атануына мүмкіндік берілген. Ал әр түрлі жағдаймен өз елін тастап, Канаданы паналаған босқындар саны қазіргі кезде 1 миллион шамасына жетіп отыр.

Сурет: forum.skyscraperpage.com

Оқи отырыңыз:

Канаданың экономикалық-географиялық жағдайы

АҚШ экономикалық аудандары және сыртқы экономикалық байланыстары

Канаданың табиғат жағдайлары мен ресурстары

Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы

Ж. Өрісбай