Канаданың табиғат жағдайлары мен ресурстары

Канаданың табиғат жағдайлары мен ресурстары

Канада – экономикалық даму бойынша әлемдік жетілікке кіретін, ал жер көлемін есептегенде Ресейден кейінгі екінші орынды иемденетін дамыған алып ел. Канаданың географиялық аумағы туралы айтатын болсақ, солтүстік бөлігі Арктика архипелагындағы бірнеше топтасқан аралдарды қамтиды. Ал оңтүстігк пен солтүстік-батыс бөлігінде АҚШ-пен шектеседі. Астанасы – Оттава қаласы.

Табиғат жағдайлары мен ресурстары

Солтүстік Американың үлкен ауқымын алып жатқан Канаданың табиғат жағдайлары әртүрлі. Елдің солтүстігі Арктикамен шектесетіндіктен климаты аса қатал болып келеді. Сондықтан Канаданың солтүстік бөлігінде тұрғын халық мүлде жоқ деуге болады. Соңғы жылдары мұнда алтын, көмір, уран және мұнай кен орындары табылған. Табиғат жағдайларының қаталдығына және тұрғын халықтың сирек орналасуына байланысты бұл кен орындары жаңадан игеріле бастады.

Канаданың батысында орналасқан Британдық Колумбия провинциясы таулы аймақтардан тұрады. Аталған аймаққа Тынық мұхитының ылғалды, жұмсақ желінің арқасында жағалауға жақын маңда қызыл самырсын, алып боз арша (туя), көгілдір шыршалар мен майқарағайлар өседі. Бұл осында орман шаруашылығының құрылуына негіз болған. Канадалық Кордильер қойнауы пайдалы қазбаларға өте бай. Мұнда мыс, алтын, күміс, сирек кездесетін металдар, мұнай мен газ өндіріледі. Тынық мұхитына құятын қысқа, мол сулы өзендерде су энергиясының мол қоры бар. Су қорының молдығы суды көп қажет ететін алюминий өндірісін орналастыруға мүмкіндік береді.

Канаданың қоңыржай белдеуінде орналасқан оңтүстік-шығыс бөлігінде табиғат жағдайлары өмір сүруге салыстырмалы түрде қолайлы. Бұл өлкенің басты байлығы — көгілдір көлдер мен қалың ормандар. Көлдердің жалпы саны бойынша Канада дүние жүзінде бірінші орын алады. Мұнда АҚШ-пен шекарадағы Ұлы көлдермен қатар, ондаған ірі және мыңдаған ұсақ көлдер бар. Өзендер мен көлдерде кұндыз мекендейді, олардың көптігі сонша, кезінде алғашқы қоныстанушылар Квебек провинциясын «құндыздар корольдігі» деп атаған. Құндыз Канаданың Ұлттық символдарының бірі болып табылады. Канада аумағының 35%-ын алып жатқан ормандарда бағалы ағаш түрлері өседі. Сондықтан жергілікті халық ағаш дайындаумен және оны өңдеумен айналысады. Оңтүстіктегі Онтарио және Квебек провинцияларында үйеңкінің бірнеше түрі, соның ішінде қант үйеңкісі өседі. Үйеңкі ағашын жергілікті халық өте жоғары бағалайды. Үндістер мен алғашқы қоныс аударушылар бұл ағаштың сүрегінен үй салып, қант үйеңкісінен қоймалжың тәтті шырын алған. Күзде үйеңкі жапырағы қызыл түске еніп, жан-жағына ерекше көрік береді. Сондықтан 1956 жылы ресми түрде қабылданған Канада мемлекетінің Ұлттық байрағында үйеңкі жапырағы қызыл түспен бейнеленген.

Ньюфаундленд аралы маңында Атлант мүхитындағы аса ірі жылы ағыс — Гольфстрим мен суық — Лабрадор ағыстары қосылады. Бұл аудан балық қорына өте бай, елдің маңызды балық аулау және өңдеу кәсіпшіліктері осында орналасқан.

Елдің Ұлы көлдерден Сеңгір тауларға дейін созылған оңтүстік-батыс бөлігін жасыл жайлау алып жатыр. Құнарлы қара топырақта астық дақылдары өсіріледі. Ал шөбі шүйгін жайылымдар мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. XX ғасырдың 20-жылдары Альберта провинциясында мұнайдың мол қоры табылды. Қазіргі кезде бұл ауданнан никель, мыс, калий тұздары да өндіріледі. Далалық аумақтарындағы өзендердің түсі борпылдақ жыныстарға байланысты болады. Мысалы, Виннипег өзенінің атауы үндіс тілінен аударғанда «лай су» делінсе, Ред-Ривер өзенінің аты ағылшынша «қызыл өзен» дегенді білдіреді. Мол су қоры өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендетудің басты алғышарттарының бірі болып отыр.

Сонымен Канаданың бай табиғи қорлары шаруашылықтың сан алуан салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Канадада табиғатты қорғауға көп көңіл бөлінеді. Елде 31 ұлттық саябақ жұмыс істейді.

Сурет: www.liveinternet.ru

Оқи отырыңыз:

АҚШ экономикалық аудандары және сыртқы экономикалық байланыстары

АҚШ-тың табиғат жағдайлары мен ресурстары

АҚШ-тың геосаяси жағдайы

АҚШ-тың экономикалық-географиялық жағдайы, мемлекеттік құрылымы

Ж. Өрісбай