Канаданың экономикалық-географиялық жағдайы

Канаданың экономикалық-географиялық жағдайы

Канада – Солтүстік Америка материгінде орын тепкен үлкен ел. Елдің астанасы – Оттава өзенінің бойында орналасқан Оттава қаласы. Аталған ел өзінің жер көлемі бойынша әлемде Ресейден кейін екінші орында тұрады. Канаданың солтүстігі және солтүстік-шығысы Арктика аралдарымен шектеседі. Арктиканың біршама аралдар тобы елдің территориясына кіреді. Канада Солтүстік Америка материгінің солтүстік бөлігінде орналасқан, сондықтан ауа-райы өте суық болып келеді. Елдің солтүстікте тұрақты өмір сүретін халқы жоқ.

Канада алып құрлықтың көп бөлігін алып жатқандықтан, оның біршама территориясы мұхиттармен шектеседі. Атап айтқанда, шығысын Атлант, батысын Тынық, ал солтүстік бөлігін Солтүстік Мұзды мұхиты шайып өтеді. Ал елдермен шектесуіне тоқталып өтсек, оңтүстігінде және солтүстік-батысында АҚШ, солтүстік-шығысында Дания (Гренландия аралы) және шығысында Франция (Сен-Пьер және Микелон (франц. Saint-Pierre-et-Miquelon) аралдары қауымдастығы) елдерімен шектеседі.

Елдің АҚШ-пен жалпы шекарасы 8893 шақырымға созылған. Табиғаты негізінен қоңыржай климаттық белдеуде жатыр. Айта кетсек, Канаданың ормандары мен таулы аймақтары туристік мекендерге толы ерекше инфрақұрылымға ие.

Географиялық орналасуы

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Канада территориясының үлкендігі бойынша әлемде екінші орында тұрады. Ал Солтүстік Америка материгінде бірінші орынды алады. Канаданың  жер көлемі 9 984 670 шаршы шақырым. Оның ішінде құрлық ауданы 9 093 507 шаршы шақырым болса, сулы жері 891 163 шаршы шақырым болып келеді. Канада территориясының басым бөлігі жазық аймақтан тұрады.

АҚШ-тың Аляска штатын қоспағанда негізгі тілдері француз және ағылшын болатын алып ел материктің толық солтүстігін алып жатыр деуге болады. Канаданың солтүстігін жергілікті эскимостар мекен етеді. Солтүстіктегі орташа температура үнемі нөлден төмен болатындықтан, басқа ел халқы тек оңтүстікте шоғырланған. Сонымен қатар, Канада әлемдегі ең ұзын жағалау шекарасы бар ел ретінде танылған. Оның жалпы ұзындығы 202 080 шақырымға тең. Алып елдің жазық жерлері мен таулы аймақтары геологиялық жағынан сезімтал болып келеді. Сондай-ақ, жер сілкінісі мен вулкандардың атқылауы мұнда қалыпты жағдай. Атап айтқанда, Мигер және Эдзиза тауларында үлкен әрі белсенді жанартаулар орналасқан.

Канаданың экономикасы

Канада әлемдегі ең дамыған жеті елдің біреуі болып табылады. Айта кетсек, халқы 34 миллион адамға жеткен ел әлемнің дамыған ”Үлкен сегіздік” елдерінің құрамына кіреді. Одан бөлек, Канада ”Экономикалық әріптестік және даму халықаралық ұйымының” мүшесі болып табылады. Сонымен қатар, Канада әлемдік айналымы мен нарықтағы үлесі есебінен алып ондыққа кірген.

Канадаға импортталатын тауарларды дайындайтын негізгі елдер – АҚШ, Жапония және Ұлыбритания. Мысалы, 2008 жылғы есеп бойынша аталған елге импортталған тауарлардан түскен қаржы $442,9 миллиардты құраған. Ретімен тоқталып өтсек, оның ішінде $280,8 миллиарды көрші АҚШ елінен, $11.3 миллиарды Ұлыбританиядан және $11.7 миллиарды жаңа технологиялық өнімдердің негізгі отаны Жапониядан түскен. Соңғы жылдық сараптама бойынша, елдегі жұмыссыздық 7,6%-ға төмендеген. Ал 2008 жылы Канаданың мемлекеттік қарызы «Үлкен сегіздік» елдерінің арасындағы ең төмен көрсеткішті көрсеткен.

Елдің экономикалық өркендеуіне мұнай-газ, қызмет көрсету және тау-кен өндірісі салалары мұрындық болып отыр. Ел азаматтарының төрттен үш бөлігі аталған саланың мамандары болып табылады. Сауда айналымы бойынша, Канада көбіне бидай және астық тұқымдас дақылдарды экпортқа шығарып отырады. Ал елдің солтүстік аймақтарында ауыл шаруашылығы саласы климаттық жағдайларға байланысты дамымаған. Бірақ суық аймақтарда алтын, никель, мырыш пен уран табиғи байлықтарының қоры бар. Одан бөлек, Канада алмаз өндіруден әлемде екінші орынды алады. Оңтүстік Онтарио мен Квебек провинцияларында автокөлік жасау мен әуе және ғарыштық техникалар өндірісі жақсы дамыған. Елдің төл ақшасы канадалық доллар (CAD) болып табылады. Оның 5, 10, 20, 50 және 100 долларлық номиналдары бар.

Жалпы елдің экономикалық-географиялық жағдайы тұрақты. Канаданың экономикалық дамуында күрделі мәселелері жоқ. Қазіргі кезде географиялық тұрғыдан да еларалық келіспеушіліктер орын алмайды.

Сурет: osinformers.lefora.com

Оқи отырыңыз:

Канаданың табиғат жағдайлары мен ресурстары

Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы

АҚШ экономикалық аудандары және сыртқы экономикалық байланыстары

АҚШ шаруашылығының жалпы сипаты, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік қатынасы

Ж. Өрісбай