- Негізгі бет
- Шығарма
- Хатты жоғалтып алмайықшы...
Хатты жоғалтып алмайықшы
Хат сөзі шығу төркіні бойынша «жаныңда жоқ адаммен әңгімелесу» деген мағынаны білдіреді. Хат жазысу – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қарым-қатынастың ең ыстық түрі.
Ол тіпті «эпистолярлық жанр» деген атпен әдебиетте де ойып орын алған. Бұл жанрда алғаш Ф.Достоевский «Бейшара адамдар» (1845) романын жазған.
1974 жылдан бері 9-16 қазан хаттар апталығы белгіленіп, халықаралық мейрам ретінде тойланып келеді. Десек те өміріміздің, көңіліміздің бәрін электроника жаулап, көпшілік қаламмен қағазға хат жазудан ажырап қалды.
Біреуге жолдаған хатының жауабын тағатсыз күтіп, жауап жеткен сәттегі соншалық толқыныс пен бұлқынысқа толы көңілдің керемет күйін сезініп көрмеген ұрпақ сирек болса да, хат жазатын адамдарды түсінбейді.
«Ол жақта интернет жоқ па?», «Қоңырау шалатын телефон тұрғанда қағаз бен қаламды құртудың қажеті қанша?», «Жауап келем дегенше не сұрағаныңды ұмытып қалмайсың ба?» деген секілді сыңаржақ пікірлермен бетпе-бет келеміз.
Интернетпен хат алмасу анағұрлым жылдам да оңай. Онымен бірге әртүрлі сурет, смайл жолдай аламыз. Ал бұрынғы кезде бар эмоциясын санаулы параққа сыйғызу үшін монограммамен әрлеп, қағазды сүйіп, ернінің кескінін қалдырып, әтір сеуіп, түрлі түсті қағазға да жазатын болған.
Адамзат тірі тұрғанда жетілу, даму үрдісі тоқтамайды. Телефон, электронды пошта, әлеуметтік желілер дәстүрлі хатты сырып тастап, орнына жайғасқалы қашан! Ертең олардың да орнын басатын жаңа нәрсе пайда болады.
Хатты компьютерде терсең де, қағазға жазсаң да, бәрібір жазылады. Бірақ электронды хатпен аяңды тарылтып, сезіміңді шектегенше, жомарттық пен дарқандық шашылған ақ қағазға кеңінен көсіліп, жүрегіңнің бәрін ақтарып жазғанға не жетсін! Ескі заманда хатты жазу мәшинесінде теру оғаш саналған.
Хат жазу – үлкен еңбек. Ол әңгімелесуші адамың жайында, тіпті өзің жөнінде де белгілі бір ой қалдырады. Бұрын есіңе келмеген жайттарды ескеріп, толғана отырып өзіңе жаңалық ашасың. Хат жазу арқылы үлкен сыйластық, махаббат, ықылас пайда болады. Хатты қолыңа алғанда автордың жанын түсініп, қуатын сезінесің. Иә, мұны телефон арқылы да түйсінуге болады. Ал хатқа жазсаң, қайталанбас сезімді қайта-қайта оқып ләззат аласың. Әр оқыған сайын бұрын мән бермеген жаңа қырын көресің. Сүйікті хатың сөзбе-сөз жадыңда жатталып қалады.
@. @assel_assanova