Хатты жоғалтып алмайықшы #2

Хатты жоғалтып алмайықшы #2
Фото: joyreactor.cc

БАСЫ

Хат жазу – үлкен еңбек. Ол әңгімелесуші адамың жайында, тіпті өзің жөнінде де ойға қалдырады. Бұрын есіңе келмеген жайттарды ескеріп, толғана отырып өзіңе жаңалық ашасың. Хат жазу арқылы үлкен сыйластық, махаббат, ықылас пайда болады. Хатты қолыңа алғанда автордың жанын түсініп, қуатын сезінесің. Иә, мұны телефон арқылы да түйсінуге болады. Ал хатқа жазсаң қайталанбас сезімді қайта-қайта оқып ләззат аласың. Әр оқыған сайын бұрын мән бермеген жаңа қырын көресің. Сүйікті хатың сөзбе-сөз жадыңда жатталып қалады.

Қағазға хат жазып, поштамен жөнелту сәннен шығып қалды. «Уақытым жоқ» деген тіркесті сүйікті сөзіне айналдырған қарбалас тіршілік иелері мұндай істі ақымақтыққа балауы да мүмкін. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен өте шығуды қалайтындарға кірпік қаққанша ақпарат алмасып үлгертетін электронды пошта қисапсыз қуаныш сыйлады. Тез арада кеңесіп, шешім шығару қажет болған мәселеде электрондық желі қолдануға болады. Ал олар қарапайым тіршілікте адам сезімінің ішкі иірімдерін ақ парақ секілді жеткізе білмейді.

Бір-бірімізге хат жазысып тұрайықшы, Бейбіт Сарыбайша жазғанда, «Әйтпесе, быт-шыт боп кетеді».

Хатта не жазуға болады? Ауыл-елін, айналасын, хал-жайын асықпай рет-ретімен сұраңыз. Ол адам және оның жақындары жайында жылы лебізіңізді білдіріңіз. Ұсыныс-тілектеріңізді жазыңыз. Қоғамдық мәселені қозғаңыз.

Ақын-жазушылардың, жастар шығармашылығының артық-кемін тізіп, хатпен жолдауға болады. Жұрттың көзінше, көпшіліктің көз алдында бет моншағын төгілткенше, жеке хат жіберсеңіз әсерлі болады. Шығармашлық адамы бұл қасиетті аса жоғары бағалайды. Зиялы тұлғамен рухани байланыс орнатып, одан көп нәрсе үйренуге болады.

Бауыржан Момышұлы біреуге хат жолдағанда екі данасын жазып, біреуін иесіне жіберіп, екіншісін өзінде сақтайтын болған. Жауабы келгенде, екеуін тете қойып оқисың. Мүмкін, болашақта басып шығаруға жарайтын үлкен шығарма туындар.

Досыңыздың нақты мекенжайынан хабарсыз болсаңыз, білетіндерден сұрап, оған тосыннан соққан қуаныш лебі болатындай жолдаңыз. Осылай жасасаңыз есімдерді құпия қалдырып, Массагеттің блогтар бөлімінде жариялаңыз. Сізден өзгелер үлгі алсын.

Кинотеатр шықты екен деп, театр залы бос қалған жоқ. Автобус шықса да трамвай орындықтары қаңырап қалмады. Ақпараттық сайттар пайда болса да, газеттің өз оқырманы бар. Электронды пошта шықты екен деп дәстүрлі хат жетімсіреп қалмайды. Оны өлтірмейтін жанашырлары Массагеттен де табылады деп сенеміз.

@. @assel_assanova