Үш тілде білім беру заман талабы ма?

 Үш тілде білім беру заман талабы ма?
Фото: НИШ Атырау

Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі»,– деген болатын. Қазір күлі әлем ортақ тіл – ағылшын тілінде ақпарат алмасады. Ақпараттар ағымы қарқынды дамыған сәтте көштен қалып қоймау керек. Үш тілде білім беру жүйесі қандай мүмкіндіктердің есігін ашады?

Бұл бағытта жұмыстанып жатырған Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары бұл туралы ой тарқатты.

«Тәжірибе кезінде және оқушылармен етене жақын араласа жүріп, балалар үшін үш тілде білім алу қиындық тудырмайды деген шешімге келдік. Өйткені, үш тілді жетік меңгеру арқылы олардың алдында  жаңа мүмкіндіктер алаңы ашылып, олар бағындырытын белестердің жақындай түсері анық», – дейді мұғалімдердің басым бөлігі.

Мұғалімдер үшін ең басты мәселе бұл тіл деңгейі мен оқыту әдісінің орнықты болмауы. Яғни, толық жетілмеген немесе ізденіссіз жасалған әдіс бұл жерде қиындық туғызады.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері тілді тез меңгеру үшін CLIL (Content and Language Integrating Learning) және “Team teaching” әдістерін қолдануға кеңес берді.

CLIL – бұл кезде сабақ немесе сабақтың бір бөлігі тілді тез үйрену мақсатында өзге тілде өткізлетін арнайы әдіс.

Мысалы: оқушылар арасында ағылшын тілін етік меңгерген, бірақ физикадан хабарсыз жандар кездеседі немесе кейбіреуі үшін, керісінше, физикадан есептер оңай көрінгенімен, ағылшын тілінде сөйлеу қиындық туғызуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда CLIL әдісін іске асыруға болады. Яғни, кіріктіру үрдісі жүреді. Сабақ шет тілінде өткен кезде, бала физиканы да, ағылшынды да қоса меңгереді.

Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, Қытай елінде білім алып жатқан  Даусова Айгерім бұл туралы былайша пікір білдірді:
«Мен үшін үш тілде білім алу ешқашан қиындық тудырмады. Сонымен қатар, қатарластарымның арасынан бұл мәселе бойынша шағымданған адамды кезіктірмедім. Өйткені,  оқу үрдісі біз үшін әр уақытта қызық еді әрі ақпаратты ағылшын тілінде алған әлдеқайда түсінікті болатын. Өйткені, кейде қазақ тіліне енген сөздер, соның ішінде терминдер аударылып жатады. Бұл – ғылыми атаулар. Ғылыми терминдер бәріне түсінікті болуы тиіс деп есептеймін. Мен үшін қазақ тілі  әрқашан бірінші орында. Тіпті, қазір шетелде жүріп, бірге оқитын қандастарымызбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Бірақ, ағылшын тілі мен орыс тілін жетік білуім менің өмірімдегі аттап басқан кез келген қадамыма күш бітірді».

Бүгінде мектеп қабырғасында білім алып жатырған Айзере болса, өзінің үш тілде білім алып жатқанын мақатнышпен айтады: «Мен мектепке алғаш келгенде ағылшын тілінің бастапқы деңгейінде едім. Кейін сабақтар ағылшын тілінде жүре бастады.  Мұның бәрі менің тез игеруіме себепші болды. Қазір ақпаратты ағылшын тілінде іздеймін. Егер ол ақпарат қазақшаға аударылмаған болса, оны сол сәтте аударып Wikipedia секілді ақпараттар сайтына салып қоямыз. Меніңше, үш тілді білу тек болашағымызға әсер етіп қана қоймай, өз тілімізде ақпарат қорын көбейтуге жол ашады».

Үш тілді білім беру бұл – болашақта бәсекеге қабілетті маман өсіру және оның нақты бағытын қалыптастырумен  астасады.

Адамдардың барлығын, әрине, үш тілде сөйлету қиын. Әсіресе, қарттар мен орта буын ілесе ме белгісіз. Бірақ, буыны енді қатып келе жатқан жас балаға қай тілді болсын меңгеру қиынға соқпасы анық. 

Т. Есқали