Мектеп тарихы сыр шертеді... #3

Мектеп тарихы сыр шертеді...  #3
Фото: google.com

1957 жылдан бері халқымыздың мыңдаған дарынды, іскер тұлғаларының білім мекені болған мектеп-интернаттың қазақстандық мектептердің ішінде алатын орны ерекше. Сан қыранды өмір өлкесіне самғатқан алтын ұямызда құрылған күннен бастап, көптеген білімді де тәжірибелі мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар еңбек етті.

БАСЫ

Солардың бірнешеуін атап кетейін. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Пралиева Аршагүл, кезінде сабақ берудің 17 әдісін республика мұғалімдеріне үйреткен, мектептегі «Көңілді тапқыштар клубының» негізгі ұйымдастырушысы болған, қазақ тілі пәнінің мектептегі «пірі» болған шебер ұстаз.

«ССРО халық ағарту ісінің үздігі» Бекмағамбетова Нағима кезінде республикалық олимпиадада оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен үнемі бірінші, екінші орындар алатын. Нағиманың әрбір сабағы кішігірім қойылымдай өтетін, сабақ беретін сыныптың қыздары Сара, Қыз Жібек, Еңлік болып ойнап, әндетіп жатса, ұлдары Төлеген, Бекежан, Біржан, Кебек болып ойнаған бейнелерін көргенде, осы нағыз Төлеген, Бекежан, Біржан, Кебек бейнелерін көретінбіз. Өлең жазатын оқушыларын редакцияға сүйреп, мақалаларын шығартып жүретін. Мұғалімдердің мерейтойында газеттер шығарып, әзіл-қалжың араластырып, мұғалімдердің көңілін көтеретін. Мектептегі іс-шаралардың бірінен қалмай, мерекелік кештер, кездесулерді ұйымдастыратын Нағима болатын.

«Ленин орденінің» иегері Қуанышбаева Венера - ашық сабақ берудің майталманы, күн сайын сабақтарына қала мұғалімдері, республикадан келген мұғалімдер қатысып жататын. «Еңбек Қызыл Ту орденінің» иегері Әбуева Күлайша сол кездерде Пралиева екеуі Монғолияның қазақ аймақтарына барып, сабақтар өткізіп жүретін.

«ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері», суретші Сапа Ысқақовтың сурет-галерея бөлмесіне кіргенде, биік таудың шыңында, етегінде, өзеннің жағасында, орманның ішінде, судың жағасында, киіз үйлердің жанындағы ошақта бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазанды көргенде, ата-бабаң,балалық шағың еске түсіп оларды сағынып тұрасың, енді бір суреттерде қызғалдақтардың арасында жүресің, сондай әсер беретін кабинеттен демалып шығатынбыз. Шетелден келген ресми делегацияның өкілдері, республикадан қонақ болып келгендер біздің мектепке келгенде, сурет галереясына соқпай кетпейтін.

«ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Құрмет грамотасымен» марапатталған саз пәнінің мұғалімі Мұсаева Ғалияны айтпай кетуге болмас. Қазіргі өнерде жүрген біздің мектептің түлектері, тамылжыған қазақ әндерінің орындаушылары, танымал әншілер: Тоқтар Серіков, Бейбіт Қорған, Ақбота Керімбекова, Тамара Асар, Нұрлан Албан, Мақсат Рахмет - мектебіміздің мақтаныштары Ғалияның «тезінен» шыққандар.

Осы мақаланың авторы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» Қарабалина Орынша Қазыбаева, мен, мектептің тарихында бірінші рет кездесу кешіне шақырылған тұлғалар жайлы шағын сахналық қойылымдардың алғашқы сценарийін жазып, мектепте өтілетін мерейтойлар, арнаулы даталарға арналған кештерді ұйымдастыруда көшбасшы болып жүрдім. Сондай кештердің бірі - халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен болған кездесу.

Әзілхан ағамыз кездесуден алған әсерін 2007 жылы 13 қазанда мектепке жазған құттықтау хатында былай деп жазады: «Бұл мектеп-интернатта ана тіліміздің асыл уызына қанған тамаша ұстаздар сабақ береді. Ана тіліміз бен төл әдебиетімізді жан жүрегімен жақсы көретін нағыз патриот талантты балалар оқиды. Мектепте бір рет болғаным бар еді. Сонда балалар қойған спектакльді көргенде театрда отырғандай, балалар айтқан өлеңдерді тыңдағанда филармония залына жайғасқандай, ал ақын қыздар мен ұлдардың жас жүректерінен шыққан жалынды жырларын тыңдағанда жазушылар Одағында ақындар мүшайрасын тыңдағандай әлі күнге дейін есімде. Неткен ғажап та талантты балалар едіңдер, апырау мен кішкене бойлы адаммын ғой, менің бейнемді ойнаған бала мені айнытпай қайталапты, бойы да маған келеді. Жас шағымды көз алдыма келтірдің, көзімнен жас домалаттың, - деп бетінен сүйіп кітабын сыйлады. Ал Баукеңді ойнаған Шалқарға «Айналайын-ау, сен атаңды тірі кезінде көрген жоқсың, үнін естімедің, мінезін, үнін шалқая отырған отырысын, шылым тартқанына дейін айнытпапсың. Сахналық көріністі көріп, өзімді драма театрында отырмын деп ойладым. Әндеріңді тыңдап операда отырғандаймын. Саламат басқарған домбырашылардың күйін естіп, «Құрманғазы» оркестрін көргендей сезімдемін. Мейрамкүл Мәдәлі басқарған маған арналған оқушы ақындардың өлеңдерін оқығанда, ақын-жазушылардың ортасында отырғандаймын. Өжет те шешен әрі әсерлі, мәнерлі сөйлейді екенсіңдер, талай кездесулерде болған адаммын, мақалдап өз тілінің әрбір сөзін түсініп сөйлейтіндер сіздің мектепте ме деп отырмын. Елімізді әлемге танытатын қазақ жастарының шоғыры өсіп, жарқырап келе жатыр екен. Жас ұландардың өнерінен алған әсерімнің күштілігінен мектепке машина мініп барып, үйіме самолетпен самғап қайтқандай болғанымды да ұмытқаным жоқ. Бұл мектептің ұлтымыздың игілігі үшін мәңгі жасауына тілектеспін», - кездесу соңында «Орынша Қарабалинаның «Тағдыр» атты повесін оқыған едім, мен әдеби кітаптарды бір-ақ рет оқушы едім. Орыншаның кітабын екі рет оқыдым. Отыз екі жерде леп белгісін қойдым. Бұл менің 32 жерде көз жасымның тамғаны еді», - деп сыр шерткен еді.

Бір кездесу ертеректе халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовке арналды. Сонда Әзекең: «Сіздердің мектептеріңіз зиялы қауымның шоғырын дайындап жатқанына көзім жетті», - деген еді.

 Математиканы шемішкедей шақтыратын - «Еңбек Қызыл Ту орденінің» иегері Сара Жақсымбетова. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы, журналист, ұстаз Ү.Уайдин сабақ берген кездегі мектеп түлектерінің көбі журналистика факультетін бітіріп, барлық телеканалдарда журналист қызметін атқарып жүр. Олар: К. Мәсімжанова,

М. Есжан, З.Зақан, М. Мәдәлі, А. Төлеу, А.Атагелді, М.Кеңесбаева, С.Омаш, Е.Мұхаметжан, Р.Оқас, Ринат, Манас, Едіге Қайыртайлар, т.б.

Біздің мектеп-интернатқа Білім министрлері жақын болды. Бірде қызық болды: Бөлтірікова Балжан апайдың министр кезі. Таудағы саяжайдан келе жатып, мектеп ұжымын, басшысын сынағысы келген болу керек. Келетінін хабарламастан, сенбі күні таңертеңгі сағат 11 шамасында машинасын мектептің қарсысындағы жолда қалдырып, мектеп ауласын, жатақхана бөлмелерін қарап шыққан. Кезекшілерге: «Ешкімге ешнәрсе демеңдер»,- деп, мектепке кірген. Ұзын дәлізде тыныштық. Не мұғалім, не оқушы көрінбейді. Шашылған қағаз жоқ. Екінші қабатқа көтеріліп, география кабинетіне кіреді, оқушылар тұрып сәлемдеседі. Мұғалімдерінің ауырып қалғанын айтады. Қонақтың картаға көзі түскенін байқаған оқушылар: «Бұл картаның жаңасы бар, оны мұғаліміміз сабақ кезінде өзі іліп, кетерінде шкафқа салып кетеді. Үй тапсырмасын көне картамен оқимыз»,- деп шуылдасады. Оқушылардың қай облыстан келгенін, интернаттағы хал-жағдайын сұраған. «Ата-аналарыңды сағынасыңдар, бұл мектепке білім алу үшін келдіңдер. Ы.Алтынсарин жазған бір өлең бар, қайсысың айтасың?», - дегенде, оқушылар бірінен соң бірі өлеңнің сөздерін жалғастырып, әкеткен, министрдің өзі де өлеңді жатқа айтып берген. «Тәртіптерің өте жақсы «Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мақалды естен шығармаңдар», –деп, ақылын айтып шығып кетеді.

Министр сабақ беріп жатқан бір-екі мұғаліммен сөйлесіп, директордың кабинетіне келеді. Есік алдында тұрған кезекші министрді танымаған ба, әлде ата-ананың бірі деген бе, әйтеуір, директор еш хабарсыз, креслоға шалқая отырып, рахаттана біреумен сөйлесіп, күлкіге көміліп отырғанда:

-Мектебімізді көшіріп кетсе де, орнынан қозғалар емессіз» дегенде ғана, «Бұл кім?» дегендей, одырая қараған директор кекештеніп: «Келетініңізді хабарламадыңыз ба?» деген сөздерді әрең жеткізіпті. Креслосын ұсынған директорға:

-Мектебіңізді көріп шықтым, бір-екі мұғаліміңіз сабақта жоқ, жыртылған картаны, ескірген тақтаны ауыстырыңыз. Шешімін таппай жүрген мәселелеріңізді жазып әкеліңіз,- дейді. Директор министрдің машинасына дейін еріп барған. Осы күннен бастап, министрліктің телефоны соғылса, басшымыздың зәресі кетіп, тыпыршып жүретін. Бірақ «Азамат екен, бірде бір рет рет аты-жөнімді атап, теріс көзқарас білдірген жоқ, біздің оқушыларымыздың, ұжымның ұқыптылығынан аман қалдым», - деп әңгімелеп жүретін.

Беркімбаева Шәмші министрдің орынбасары кезінде мектепке жиі келіп тұратын, ол кісі мұғалімдердің мақалаларын оқып, жақсысын мақтап ынталандырып отыратын. Ал министр болысымен, мектебімізге келіп, мұғалімдермен сөйлесіп, біраз мұғалімдерге жатақхана алып беруге көмектесті. Парта, есіктерді ауыстырды, мектеп үлкен жөндеуден өтті. Мектебімізде 2007 жылы бассейн іске қосылды. Соның негізін Беркімбаева Шәмші бастап беріп еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар ғой. Маған хабар бермей-ақ, «Ұстаз бақыты» деген кітабымды «Мектеп» баспасынан 30 мың дана етіп шығарды. «Ұстаз бақыты» кітабын сұраушылар көбейді. Соған байланысты кейінгі жазылған жазбалармен толықтырды. Беркімбаева Шәмші мұғалім мәәртебесін алғаш көтерді. «Қалдырар ізін мәңгілік» деген республиканың бетке ұстар мұғалімдері туралы алғашқы кітапты жарыққа шығарды. Осы үрдіс одан кейін тоқтап қалды. Ауыл мектептерінің жай-күйін де жете зерттеп, көмек беретін жерінде көмек берген Ш.Беркімбаева еді.

Ардагер ұстаздардан тәлім-тәрбие алған қазіргі мұғалімдерден Халықаралық ғылыми жоба, олимпиада жарысында 200-ден астам оқушы орын алып, білім гаранттарына ие болса, қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдері: Қ. Нұрлыбекова, Г.Махамбетова, Ұ.Ағыбаева, Д.Оспан, Г.Тайғарина т.б. республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарымен 100-ден аса оқушы білім гранттарына қол жеткізді. Соңғы бес жыл бойына республикалық ғылыми жобалар жарысынан қорытынды есеп бойынша «Үздік команда» атағын алып, республикалық пәндік олимпиада бойынша соңғы бес жыл қатарынан «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағын жеңіп алды. Республикалық Абай-Шәкәрім, Махамбет, Мұқағали, Ілияс оқуларының «Ғұмырдария» республикалық байқауларының жүлделі орындары да осы мектептің дарынды оқушыларының үлесінде десек, артық айтпағандық болар.

Ғылыми жобаларда жүлделі орындарымен  100-ден аса оқушы  білім гранттарына қол жеткізді.  Соңғы бес жыл бойына республикалық ғылыми жобалар жарысынан қорытынды есеп бойынша «Үздік команда» атағын алып, республикалық пәндік олимпиада бойынша соңғы бес жыл қатарынан «Ең үздік олимпиадалық мектеп»  атағын жеңіп алды. Республикалық Абай-Шәкәрім, Махамбет, Мұқағали, Ілияс оқуларының «Ғұмырдария»  республикалық байқауларының жүлделі орындары да осы мектептің дарынды оқушыларының үлесінде десек, артық айтпағандық болар.

Жалғасы...

Орынша Қарабалина – Қазыбаева
ҚР еңбек сіңірген қайраткер

Г. Берік