Мектеп тарихы сыр шертеді... #4

Мектеп тарихы сыр шертеді...  #4
Фото: google.com

БАСЫ

Мектептің атақ-даңқын шығаратын - мектеп басшысы, яғни, директор. Директор - мектептің миы, ұжымның ақылшысы, туындаған проблеманы дер кезінде шеше алатын, шештіре алатын, ұжымды ұйымдастыра алатын ұйымдастырушы. Білімі ұшан-теңіз, мәдениеті жағынан қарамағындағылардан биік тұратын, қызметкерлердің іскерлігін айыра білетін, дер кезінде көмек бере алатын, тіпті мектеп оқушыларының қабілетін, мінез-құлқын, олардың ата-анасын, тұрмысын жетік білуге талпынған директор ғана мектептің бақыты.

Мұндай директорлар бұрын да болған, қазір де бар. Сондай директорлар біздің мектепте істеді, мектептің даңқын шығарды. Алпысқа толып отырған он директор қызмет атқарды. Бір-екі-үш директордың істерін сөзге тиек етсек, артық болмас. Қадыржанов Қапан туралы бұрын жазғанмын. Қадыржановтан кейінгі Әмірханов Сераж туралы да мақала жазылған. Дегенмен де әруағы риза болсын, сол мақаладан үзінді келтірейік, жас директорларға сабақ болсын. Сераж аға он жыл директор болды. Өзінің көзі жетпей, біреудің қаңқу сөзіне ермейтін. Жоғары жақ айтты екен деп, басын шұлғи бермейтін. Жоғары жаққа сөзі де, беделі де жүретін, идеясы көп, оқытушы, тәрбиеші, оқушы пікіріне де ден қоятын, дауыс көтермей көзқарасымен ұқтыратын, жүрісі әсем, жүзінен нұры шашылып тұратын, бойында тұнып тұрған ақсүйектігі бар, нағыз педагог, іскер басшы болды. Мұғалімдердің саяси білімді, мәдениетті болуын талап ететін. Ол кездері мұғалімдер арасында саяси сабақтар жүргізілетін, оған қатысып отыратын. Сөйлеуші мұғалімдердің білім дәрежесін анықтап: «Қарағым көп оқып, тоқу керек» деп отыратын. Мектеп ұжымы жұмысының қыр-сырын сипаттап көрсете беретін.

Директор Мешітбаев Тұрсын төменгі сыныптар үшін шахмат үйірмесін ашып, өзі басқарды. Шахмат арқылы оқушыларды тәртіптілікке, ұқыптылыққа үйретті. Басқа қызметке ауысқанда, оқушылар іздеп жүретін. Анау-мынауды сылтауратып, қызметке келіп, кетіп қалатындарды тәртіпке келтірді.

 Мақсұт Оразай. Сабақтан тыс кезде кабинетіне шақырып, әнші-күйші оқушыларға ән айтқызып, күй тартқызып, рахаттанып, мақтанып отыратын. Біз қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп болғандықтан, бұл мектепке қабылданатын мұғалімдер де, оқушылар да «Абай жолы» романындағы басты кейіпкерлерді білуі тиіс дейтін. Кейде бір үзінді туралы әңгімелеп беруді талап ететін. Мұндай талапқа сай болмағандардың талайы біздің мектепке орналаса алмады. «Абай жолы» романын оқуды барлық оқушылардан талап ететін. Кейбір оқушы кітапты қолтығына қысып жүрсе де, шала оқиды деп, сұрақтар беріп қысып жататын.

Жанас Салпынов. Директорлар ішіндегі ең жасы. Оқу министрлігінде бір-екі жыл қызмет істеп, оқу-тәрбие ісінде біраз тәжірибе жинақтап келді. Мектептің шаруашылық, қаржылық ісінде соған байланысты заңдарды жетік білді, соның арқасында талай тексеруден аман қалды. Қиын кезеңдерде мектепті жүдетпей ұстады, эстетикалық талғамы да, саяси білімі де жоғары, оқу үдерісіндегі жаңалықты да, оқу әдістемесін де жетік білді. Мұғалімдердің сабақтарына ұдайы кіріп, талдап, сабақтың тиімділігін арттырудың әдіс-тәсілдеріне және оқушылардың өз беттерімен ойлану қабілеттерін жетілдіруге, шығармашылықпен айналысуға, олардың бойында зерттеушілік қабілетін дамытуға мән беретін. Сондай жұмыстар арқасында оқушылар жыл сайын Республикалық олимпиада, ғылыми жобалар жарысында жүлделі орындар алатын.

Ибраимов Мұхтар. Кішіпейіл, адамгершілігі мол, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын, тұрмыс-жағдайы төмен мұғалім-тәрбиешіге қолынан келген жәрдемін беретін азамат. Өзі өнерлі, сондықтан да өнерлі оқушыларды төбесіне көтереді. Ғылыми жобадан орын алғандарды, республикалық олимпиаданың жеңімпаздарын қарсы алып, қамқорлық көрсетеді. Соның нәтижесінде жыл сайын жүлдегерлердің саны көбейді. Бұрынғы бітіріп кеткен түлектерді шақырып, оқушылармен байланыстырып, ұрпақ сабақтастығын жасады. Мектептегі кездесулерге белгілі-белгілі тұлғаларды шақыртып, бейнефильмге түсіріп, жетпей жатқан қаржыны өз қалтасынан төлеп жүретіні ой салады. Біздің мектебімізде алғаш рет 30 баладан домбыра оркестрін құрды, қазір бүкіл мектеп балалары қатысады. Мұғалімдердің білімін кеңейтіп, республика бойынша өтетін білім жарыстары, семинарлар, конференцияларға қатыстырып, кейбір мұғалімге еңбегіне қарай атақ-марапаттар да алып берді. Бұл жерде айтарым: мектеп – мыңдаған балалар тәрбие алып, білім нәрімен сусындайтын киелі мекеме. Оның басқарушылары да соған лайық болғанда, дамыған отыз елдің қатарына қосылып, балаларымыздың тәрбиесі жоғары, білімі сапалы болады деген ой айтпақпын.

 Мектептің білімін арттыратын директордың іскерлігі ғана емес, оның оң қолы оқу-тәрбие, ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасарлары. Сол қолы – шаруашылық жөніндегі орынбасары. Оң қолы мен сол қолы ортақ болса, директор мықты. Біраз директорлар тірек болатын орынбасарларын дұрыс таңдап ала алмай жүр. Сондықтан оқу-тәрбие жұмысында ақау көп. Сонымен мектептің басы, миы директорлар болса, оның жүрегі – оқу, тәрбие, ғылыми істері жөніндегі орынбасарлары. Олар директордың басшылығымен мектептің бір жылдық оқу жоспарын жазып, талқыға салып, істелінетін іс-шаралардың басында болып, бақылап, қорытындысын шығарып, сабақ кестесін жасау, мұғалімдердің сабақ беруін, сабаққа жаңа технологияны енгізуін, жетістігін, кемшілігін, оқушымен қарым-қатынас, мұғалімнің жүрісі, киім-киісі, дауыс ырғағы, әдептілігі, оқушылардың сабаққа қатысуы, ынтасы, тұрмыс жағдайы, білім сапасы, түрлі үйірмелерге, пән олимпиадасына, ғылыми жоба жарыстарына оқушыларды іріктеп алу, ата-анамен жұмыс, тізе берсең, ұшы-қиыры жоқ, ерте келіп, кеш кететін, қысқасы, сондай азаматтар біздің мектепте де болды, қазір де бар. Ұзақ жылдар басқа мектептерде директор болып, басқару ісінде машықтанған Әтікей Қуандық, Гүлшара Нюкова, Алтын Байғабұлова – әрқайсысы да мақтауға тұрарлық. 

Құрметті ата-аналар! (Түлектердің бітіру кешінде ата-аналарға арналған сөзден үзінді).

Бұл мектеп-интернат ата-ананың да қызметін жеңілдетті, балам ауырып қалды қалай емдетем, сабағын оқытам, тамағын пісірем, қайда кетті, қашан келеді, осының мінезі-ай деп жүректерің ауырған жоқ, алыста болдыңдар. Тұрмыс-тіршілік қиын ғой деп, сіздерді мазаламадық, ұйқыларыңыз тыныш болды. Бұдан былай да тыныш болсын. Мектеп директоры мен ұжымға сендіңіздер, үміттеріңізді ақтадық. Сіздермен аттестат беретін тойда ғана кездесеміз. Күні кеше талдырмаш келген, беттерін күн қаққан кішкене ұл-қыздарыңызды қолынан жетектеп келіп едіңіздер. Балаларыңыз болса, шалғайларыңызға жармасып, жан-жағына қарап, анасын, әкесін қимай, қалғысы келмей, көздерінен жас домалап тұрғаны біздің есімізде, көз алдымызда, Міне, бүгін сіздерге бойжеткен қыз, ержеткен ұл етіп қайырып отырмыз. Қалталарыңыздағы ақшаларыңызға жармаспайды, сіздерді қинамайды. Бір-екі-үш оқушылардан басқалары грантқа лайықты балл жинағанын көріп, естіп отырсыздар. «Алтын белгіге» ие болған, ғылыми жоба жарысы, республикалық олимпиадада жеңіске жеткендер алдарыңызда тұр. Құйқылжыта ән айтып, майысып билеп, өзі шығарған өлеңдерін оқып жатқандар да өз балаларыңыз. Қуаныңыздар, шаттаныңыздар! Иә, бауыр басып өз балаңдай болып кеткен, айтқаныңызды желге ұшырмай қағып алып, білім жинап, алдымыздан кесе-көлденең өтпей, үлкен жетістіктерге жеткен оқушыларымызды көріп қуандық. Енді міне, қоштасқалы тұрмыз. Түлектер бізге деген ризалықтарын өлең жолдарымен білдіріп жатыр. Соның бірі – біздің түлегіміз, қазір «Қазақстан» телеарнасында «Туған елден хабар» бағдарламасын жүргізуші, сценарист Омаш Саламаттың мектеп бітіру кешіндегі өлеңі жүректі тебірентті. Енді сіздердің назарларыңызға мектеп бітіру кешіндегі Саламаттың өлеңін ұсынайық:

 Мектебім,

қоштасар кезім жақындап қалды сенімен,

Осынша уақыт оқушың болып келіп ем.

Есімде сақтап сөзіңді,

Еске алып әрбір кезімді,

Қоштасып барам, қимай да қинай өзіңді.

Әлпештеп, қоштап, аялап,

Білімін берген аямай,

Мың алғыс сізге, ұстаздар, бізді оқытқан!

Түлектеріміз – мектебіміздің мақтаныштары

Білім алып, еліміздің түкпір-түкпірінде, әртүрлі салаларда: білім-ғылым, өнеркәсіп, мәдениет, сот, құқық қорғау, дипломатиялық органдарда, Президент әкімшілігінде, Үкімет аппараттарында лауазымды қызмет атқарып, көшбасшы болып жүрген шәкірттеріміз көптеп саналады. Солардың бірнешеуін атап кетейік.

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары болған қайраткер Талғат Мамашев, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, ҚР ҰҚК төрағасы болған генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, Қорғаныс министрі Бас штабы бастығы болған марқұм Мәлік Сапаров, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Адамбеков Қайрат, ТМД Координациялық Кеңесінің қазақстандық өкілі генерал-майор Жаңабергенов Елемес, ҚР Парламенті мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы әрі Түрік Академиясының президенті Дархан Қыдыралиев, ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұрлан Окаұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақов, ҚР Бас прокуратурасы Аппарат басшысының орынбасары Нұрділда Ораз, «ТАС Кредит» ЖШС Бас директоры Тастекеев Дулат, «КазАтомПром» компаниясы департамент директоры Қанат Құдайбергенов, «КазКоопТРанс» ЖШС директоры Боранқұлов Қанат, Жапонияның Сендай қаласындағы Токоху университетінің профессоры Жанпейісов Нұрбосын, Орталық Азия аймақтық Кеңес және Білім беру орталығының директоры Ермекбаева Айна, «Қорқаулар түнде жортады» повесінің авторы, кеденнің негізін қалаушы Бекен Нұрахметов, айтыскер ақындар: Серік Қалиев, Кәпұлы Дәулеткерей, ақын Танакөз Ілиясова, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі, «Алтын жұлдыз» белгісінің иегері Айнаш Есали, Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Хабар», «Қазақстан», «КТК», «31канал», «Алматы» каналында журналист, режиссер, продюссер болып жүрген түлектеріміз көптеп саналады. Бұл тізімді шексіз соза беруге болады. Бірақ қорыта айтқанда, шәкірттеріміз Қазақстан Республикасының көп салалы экономикасына, өнеріне үлес қосып жүрген азаматтар.

Қазіргі мектептің тынысы туралы директор Сексенова Роза Ербозымқызының айтуы бойынша, мектеп-интернатымызда еліміздің әр аймағынан жиналған 425 оқушы білім алуда. Оқушыларды арнайы емтихан арқылы қабылдаймыз. Биылғы оқу жылында мектеп-интернат қабырғасында өтетін қабылдау емтиханы бөлек. ҚР Білім және ғылым министрлігінің рұқсатымен, республикамыздың әр аймағынан арнайы жергілікті комиссия құрылып, ана тілі мен әдебиетіне бейімі бар оқушылар қосымша қабылданды. Жан-жақтан терең білім іздеп келген балаларға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мектеп кабинеттері, компьютерлік сыныптар, екі жатақхана, алты мезгіл тамақ дайындайтын асхана, медпункт, қажетті кітаптар мен оқулықтармен жабдықталған кітапхана, оқу залы, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, арнайы спорт залдары мен бассейн жұмыс істейді. Оқушыларымыз сабақтан тыс уақытта ұлттық ойындар: тоғызқұмалақ, күрес, шахмат ойындарына қатысады. Сабақтан тыс жұмыстар үшін әр сыныпқа арналған айтыс, домбыра, би, актер шеберлігі сияқты үйірмелер де жұмыс істейді. Министр Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің арнайы тапсырмасымен биыл айтыс өнеріне бейімі, қабілеті бар балалар қабылданып, актер шеберлігі, айтыс үйірмелері жұмысы одан әрі жандана түсті. Мемлекет басшысы үштілділік жобасын кезең-кезеңіңмен жүзеге асыра бастауды ұсынған болатын. Осы бағытта бейіндік пәндер ретінде: ағылшын, қытай, түрік, француз тілдерін біліктілігі жоғары мамандар үйретіп жатыр. Республикалық ғылыми жобалар жарысы мен олимпиадаларға жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен мектептің пән мұғалімдері бірлесе отырып дайындайды. Мектеп-интернат «Дарын» РҒПО, бірнеше ЖОО-мен, ҚР Жазушылар Одағы мен, түрлі БАҚ-ымен, кітапханалармен, Республикалық Оқушылар сарайымен байланыс жасап отырады. Жазушылар Одағымен байланыс нәтижесінде мектептің ақын оқушыларының бірнеше жыр жинақтары жарық көрді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде: Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деген болатын. Мектебімізде ұлттық құндылықтарымызды үйретіп, соны өмірде пайдалана алатын тұлғалардың қалыптасуы арқылы өзіміздің ұлттық кодымыздың қалыптасуына игі ықпал еттік.

Орынша Қарабалина – Қазыбаева
ҚР еңбек сіңірген қайраткер

Г. Берік