Сыныптасқа естелік-сыйлық

Сыныптасқа естелік-сыйлық
Фото: La Gaceta

Сыныптасыңыздың туған күніне не сыйласаңыз болады? Сыйлық таңдауда кімнің ақылына жүгінесіз?

Мектеп өмірінде сабақ оқумен қатар қызықты кештер де өтеді. Шағын би кеші не болмаса кішігірім отырыстардың болатыны сөзсіз. Мұндай отырыстарды сынып болып ұйымдастырамыз. Сондықтан қиындығы мүлдем байқалмайды. Ал енді досыңыздың немесе құрбыңыздың туған күн кешін қалай атап өтесіздер? Туған күнге қандай сыйлық сыйлағанды жөн көресіз? Оқушы табыс таппайтыны да белгілі. Ендеше әрі ерекше, әрі қолжетімді бағадағы сыйлықтарды санамалап көрейік.

1. Қолдан жасалған дүние қашанда құнды әрі қымбат. Тоқыма өнері, әшекей бұйым жасау секілді шеберлігіңіз болса, жасқанбаңыз. Бұл орайда туған күн иесінің талғамынан хабарыңыз болса жеткілікті.

2. Сыйлықтың ең пайдалысы – кітап. Ескірмейтін естелік. Оның үстіне оқуға тұрарлық, қызықты кітап болса, тіпті жақсы. Кітапты арнайы дүкендерден емес, баспаның өзінен алған тиімдірек. Әрі сапалы, әрі арзан.

3. Фотоальбом жасау. Туған күн иесінің қызықты күндерінен коллаж есебінде фотоларын жинақтап, альбом жасап берсеңіз де таптырмас сыйлық болар еді. Жылдар өтсе де, жастықтың, оның ішінде оқушы кездің естеліктерінің сақталғаны жөн.

4. Бейнеролик жасаудан хабарыңыз болса, креативті идеяларыңыз арқылы ең тамаша естелікті тарту етуге болады. Осы орайда, өзге де достарыңыздың басын қосып барынша қызықты етіп дайындауға мүмкіндігіңіз мол.

5. Түрлі-түсті қағаздардан  түймедақ гүлін жасап, әр жапырағына шынайы тілек жазуға болатынын да естен шығармағаныңыз жөн.

6. Қаламға немесе металдан жасалған кез-келген бұйымға  есімі мен сыйлықтың табысталған күнін жазсаңыз да жақсы сыйлық болып есептеледі. Бүгінгі таңда гравировка әдісі қайтадан сәнге айналып бара жатқанын ұмытпаңыз.

7. Аспаздық өнерді жақсы меңгерген болсаңыз, өз қолыңыздан торт әзірлеңіз. Мектеп қабырғасында жүрген кезде есте қаларлық тосынсыйдың бірі болып саналатыны анық.

8. Креативті сыйлық ретінде шоколадтардың жиынтығынан себет жасауыңызға да болады. Бұл жерде себеттің сыртқы формасы маңыздырақ. Әшекей  бұйымдарына ерекше көңіл бөліңіз.

9. Қолдан қуыршақ жасау жөнінде естідіңіз бе?! Қаншалықты есейгеніңізбен, қуыршақтың  балалық бекетінен алар орны бөлек.

10. Ақын болсаңыз, жақсы өлең шығарыңыз. Әсіресе, қыздар қауымы әдемі сөздерге лайықты. Оның үстіне, өзіңе арналған өлең барын білгеннің өзі керемет емес пе?!

Осындай сыйлықтар тізімі көңіліңізден шығып жатса, ойыңызда жүрсін. Сыйлықтар жөнінде өзге де  таптырмас идеяларыңыз болса, бөлісе отырыңыздар.

Ә. Жутаева