Демалыс уақытында емтиханға дайындалуға бола ма?

Демалыс уақытында емтиханға дайындалуға бола ма?
Фото: readweb.org

Әрине, болады. Оқушы деген қызметіңізден кезекті 3 ай демалысыңызды алған соң, 92 күнді қалай пайдалансаңыз да өз еркіңіз. Кейбір «ақылды» оқушылар бұл уақыттың қадіріне түсініп, алдағы сынақтарға қазірден дайындық бастап жатыр. Олардың бірсыпырасы – «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауында. Қыстық азығын қазірден жинап жатқан талапты оқушыларға мынадай кеңес бермекпіз.

Жазда оқу керек пе?

Демалыс уақыты. Жаз. Алыстан-жақыннан келген бауырлар немесе достар. Олармен уақытты көңілді өткізгісі келетініңіз тағы бар. Бірақ, кемінде бір сағатты оқуға арнасаңыз, көңілді шағыңыз мұңайып кетпейді. Қазірден дайындалғанның кемшілігі жоқ.

Бір күнді белгілі бір жоспарларға бөліп қойыңыз. Мысалы, түске дейін ата-анама көмектессем, түскі астан кейін мынадай уақыттан бастап математика пәнінен 25 сұрақтан тұратын 3 тест жасаймын. Жіберілген қателіктерді түзетіп, қатемен жұмыс жасаймын. Кейін кешкі асқа көкөністерден салат жасап көремін. Кейін «Көшпенділер» романының 30 бетін оқимын, содан соң, шаш өру туралы 2-3 видео қарап, өзіме жасап көремін. Бұл мысал – қыздар үшін.

Ал ұлдар түске дейін ата-анама көмектессем, түскі астан кейін мынадай уақыттан бастап тарих пәнінен 25 сұрақтан тұратын 3 тест жасаймын. Қатемен жұмыс жасап, кітаптардан іздестіремін. Кейін есік алдына шығып, даланы суретке түсіріп, бір сағат уақытымды суретті фотошоп әдісімен өңдеуге жұмсаймын деген секілді жоспарларға бөлген дұрыс.

Осы сәтте жоспардың білім бөліміне көп көңіл бөлеміз. Тарих пәнінен күніне 3 тест шығарсаңыз, бір айда (демалыс уақытымен) 80-85 тест жасап бітіресіз, әр тест 25 сұрақтан тұрады деп есептесек, бір айда 2000-нан астам сұрақтың жауабын біліп шыға аласыз. Бұл үлкен жетістік. Оған қоса, 29 күн осы дағдымен жүрсеңіз, өзі-ақ әдетке айналып кетеді. Себебі, адам баласы 29 күн бір істі жасай берсе, сол іске бейімделеді. Алдағы уақытта оқу жылы басталғанда да өзіңізге тиімді болмаса, кері әсері жоқ.

Қатемен жұмыс

Қатемен жұмысты әркім әртүрлі жасайды. Бірі дұрыс жауапты ғана жаттап, оның не үшін сол жауап болғанына аса қызықпайды. Бұл әрине дұрыс емес. Жіберілген қатені дереккөзден – кітаптардан, энциклопедиялардан табу керек.

Дайындық дәптеріне арнайы есеп жүргізіңіз. Дүйсенбіден жексенбіге дейін график сызып, жіберілген қателер мен дұрыс жауаптарды белгілеп отырыңыз. 

Г. Берік