ҰБТ. Уақытты жібермеу

ҰБТ. Уақытты жібермеу
Фото: massaget.kz

Мереке күндеріне берілген демалыс арқаны кеңге салуға себеп болған секілді. Алда үлкен сынақ келе жатыр: тынығатын уақыт әлі алда. Мектеп оқушыларының бірі мемлекеттік емтиханға дайындалып жатса, түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірленіп жүр.

Дайындық кезінде «Тәулікте неге 24 сағат? Дайындалып та үлгермедім» деген сауалдар мазалауы мүмкін. Өмір заңдылығына қарсы шыға алмайтынымыз белгілі. Уақытты әрі тартып, бері тартып, жеткізе алмай жатсақ, уақыт жетіспеушілігіне жүк артамыз, жала жабамыз. Бірақ ешкімге де, ешнәрсеге де жала жаппай бәріне үлгеруге болатынын білесіз бе?

Мысалы, бір уақытта қазақ тілі пәнінен шығарма жазып, математика сабағынан тест орындағыңыз келеді. Бірақ сіз бір-ақ қолмен жаза аласыз. Яғни, бір уақытта екі сабаққа дайындалу мүмкін емес. Бұл ретте ең бірінші қай сабақтың болатынын ескеру керек. Егер қазақ тілі пәнінен жазылған шығарманы ертең мұғалімге өткізу керек болса, бірінші шығарманы жазып алыңыз. Ал ертең түстен кейін математикадан тест шешу керек болса, шығарма жазып болған соң, тестке «отырасыз». Демек, өтетін істің уақытына қарай жұмысыңызды жоспарлаңыз. «Бірінші кезекте не?» деген сауалға жауап бере алсаңыз болғаны.

Екінші мәселе – ғаламтор. Түлектердің кейбірі ҰБТ-ға дайындық кезінде әлеуметтік желілердегі аккаунттарын өшіріп жатады. Бұл шешімге қадам басу оңай емес. Олар дайындық кезінде уақытының үнемделіп жатқанына бек қуанады, тіпті Қазақстан тарихының 9-сынып оқулығын оқып шыққанына таңғалуы мүмкін.

Бәрі ойдағыдай дейік: апталық жоспарыңыз құрулы. Күн сайын сабақ біткен соң, тестке дайындық сабағына бару керек, ағылшын курсынан қалмау керек. Демалыс күндері анама көмектесемін деген секілді жұмыстарыңыз бар. Бірақ құрбыңыз жаңадан алған көйлегін көрсеткісі келіп, үйіне немесе «күн көзілдірік бірге таңдайық» деп дүкен аралауға шақырса, ойдағы жоспарыңыз аяқ астынан өзгеруі мүмкін. Бірақ, бәрі өз қолыңызда. Құрбыңызға басқа жоспарларыңыздың барын айтып, келесі жолы таңймыз деп, бара алмайтыныңызды айтқан жөн.

Қоғамдық көлікте келе жатып, ағылшын тілінен дайындық деген секілді аудиокітап тыңдаңыз, кезекте тұрғанда кітап оқыңыз, қысқасын айтқанда, бос уақытты мүлт жібермеңіз.

Бұл ретте бақаларды мысал ретінде қарастыруға болады. Бақа көз алдында тұрған жәндігін жіберіп алғысы келмейді, сол себепті дер кезінде шап беріп ұстап алады. Сіз де одан үлгі алыңыз.

Уақыттың қалай ұрланатынын білесіз бе? Адам өмірі 25% ұйқымен өтеді, 5% тамақтанумен, 10% адамдармен сөйлесумен өтеді, 5% ештеңе жасамайды. Жыл сайын адам орта есеппен 2,5 аптасын жолға жұмсайды. 2/3 бөлігін жұмыста өткізеді. Ал бір айдың 6,5 сағатында әлеуметтік желіде өмір сүреді. Уақыттың сырғып жатқанын адамдар байқамайды. Бірақ уақыт бізді бақылап отыр.

Г. Берік