«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауының тәлімгерлері туралы

«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауының тәлімгерлері туралы
Фото: massaget.kz

Массагет порталы өткен жазда қолға алған ірі жобалардың бірі – «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауын биыл қайта жалғастырғанын хабарлаған болатынбыз. Кешеден бастап додада бақ сынайтын топтарға қатысушылар қабылданып жатыр.

Өткен жылғы «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауына қатысқан топ тәлімгерлері биылғы жылы да конкурста бой көрсетпек. Яғни, белгіленген үш топтың тәлімгерлеріне, атап айтсақ, Ернар Алмабек, Әсел Асанова және Гүлжанар Берікке редакциядан көмекшілер тағайындалды.

«Сәйгүлік» тобының тәлімгері Ернар Алмабек ортасында жан-жақтылығымен әрі тың идеяларымен жақсы таныс. Талай бастамалардың салмағын көтеріп, игі шаралардың ұйытқысы болған. Сүйікті ісі – бейнеинженерлікті мектеп жасынан бастаған. Зергерлік өнерден де құр алақан емес. Кино мен мультипликацияға, трекинг пен саяхатқа, тарих пен қолөнерді негізге алған топ тәлімгеріне Массагет порталының контент-менеджері Ақтоты Жапатова көмектеседі. Сұлулықты жаны сүйетін Ақтоты Нұрбекқызы порталымыздағы математика сабағын  жүргізеді. Ол саусағынан бал тамған аспаз ретінде «Аспаздық» айдарына жетекшілік етеді. 

Ал «Кемеңгер» тобының тәлімгері Әсел Асанова оқымаған кітап кемде-кем. Кез келген адаммен тез тіл табысатын Әсел Жәдігерқызының журналистік, редакторлық қарым-қабілеті жоғары. Асүйде, әсіресе, тәтті тағамдар дайындаудан да кенде емес. Түрлі мәселеде кеңес беріп, қолдау көрсетуге келгенде тартынып қалмайды. Сайт редакциясынан Нұрбол Нұрмаханұлы көмектесетін болады. Нұрбол Нұрмаханұлы өткен жылы «Парасат» тобына тәлімгер болған. Ағылшын тілін үйренуде және спортпен шұғылдануда бағыт-бағдар береді.

Үшінші топ «Кен» тобының тәлімгері Гүлжанар Жарқынбекқызы мектеп оқушыларына тәлім беріп, тәжірибеден өткен. Логикалық тапсырмаларды (судоку) шешуге, энциклопедиялық сауат ашуға жаны құмар және ол өз ойынан шаш өру үлгілерін жасауды ұнатады. Оның бұл байқауда тәлімгерлік етуіне порталымыздың контент-менеджері Ербол Жұмабайұлы көмектеседі. Ербол Жұмабайұлы өткен жылғы байқауда «Мұзбалақ» тобына тәлімгерлік еткен. Көшбасшылық және спорттық қабілетті үйренуде жол сілтейтін болады.

Байқауға қатысуға тілек білдірген оқушы өз аты-жөнін және таңдайтын жетекшісі туралы төмендегі пікір алаңына хабарлама қалдырады. Тіркеу 16 шілдеге дейін жалғасады.

Қосымша сұрақтар бойынша мына нөмірге хабарласа аласыздар: +7 (702) 500 76 95.

Құрметті оқырман, өзіңіз мектеп жасындағы оқушы болсаңыз немесе бауыр-қарындастарыңыз болса, байқауға қатысуға шақырамыз! Мақсаттарыңызға Массагетпен бірге жетіңіздер!

А. Жапатова