Массагеттен мәзір: Баклава (пахлава)

Массагеттен мәзір: Баклава (пахлава)
Фото: massaget.kz

Түрік дастарханында баклавасыз шай ішілмейді. Ыстық шайды тәтті тоқбасармен ішкенді ұнатпайтын қазақ жоқ болар?! Кешкі дастарханыңызға дәм мен көрік берер деген ниетпен  назарларыңызға түрік баклавасын ұсынамыз.

Қажетті азық-түлік:

- қатпарлы қамыр;
- 200 гр кептірілген өрік;
- 100 гр мейіз; 
- 100 гр грек жаңғағы;
- 1 ст демерара қанты;
- 50 гр кілегей майы (маргарин);
- 3 ас қасық бал;
- 1-2 жұмыртқа;
- су. 

Дүкеннен алған бір қалташадағы дайын қатпарлы қамырды (үйден әзірлеуге де болады) төрт бөлікке бөліп, пеш қалыбының пішініне сәйкестендіріп жаямыз. Пештің жайпақ қаңылтыр табасына фольга төсеп, аздап маргарин жағамыз да, жазылған қамырды орналастырамыз.

Кептірілген өріктің жартысын, яғни 100 грамын майдалап турап, қамырдың бетіне қоямыз. Қалауымызша демерара қантын себеміз. Қарапайым қант та жарайды.

Өріктің бетіне қатпарлы қамырдың екінші бөлігін жайып, үстіне майдалап туралған мейізді, қантты себеміз.

Оның үстіне қатпарлы қамырдың үшінші бөлігін қойып, кептірілген өріктің қалған жартысын қоямыз. Оның үстін қамырдың төртінші бөлігімен жабамыз. Одан соң жұмыртқаның сарысына бір ас қасық су қосып араластырамыз. Баклава беті жылтырап шығуы үшін осы жұмыртқа сарысы мен су қоспасын қамыр бетіне жағамыз.

Пешке салар алдында ромб пішінінде бірнеше бөлікке бөліп, кесеміз. Әр бөлік бетіне грек жаңғағын қойып сәндейміз.

Пешке 200 градуста 10 минут қойып, қайта шығарамыз.

Одан соң сироп дайындаймыз. Жарты стақан суға жарты стақан демерара қантын қосамыз, 3 ас қасық бал қосып, араластырамыз. Дайын сиропты ас қасықпен баклаваның бетіне құйып, қайтадан пешке саламыз. 160 градуста 30 минут пісіреміз.

Дүкендерде сатылатын тым тәтті баклава сияқты емес, дәмді әрі дәруменге толы пайдалы баклава дайын.

Ас болсын!

@. @assel_assanova