Бейнесабақтар арқылы шет тілін үйрену

Бейнесабақтар арқылы шет тілін үйрену
Фото: www.babilonia.gr

Шет тілін үйрену еш қиын емес. Ол үшін адамның ерік-жігері мықты болып, күн сайын арнайы уақыт бөлгені жеткілікті. Мысалы белгілі ғалым, математик Асқар Жұмаділдаев ешқандай мұғалімнің көмегінсіз белгілі бір әуендер тыңдап, сөздерін жаттау арқылы бірнеше шет тілін меңгерген.

Қазіргі кезде шет тілін үйренетін мүмкіндік тіптен көбейді. Ұялы телефондағы арнайы қосымшалар, бағдарламалар, видеосабақтар. Көпшілік елдің жүгінетіні – видеосабақтар, қазақша жүргізген түрі керек пе, орысша ма, жоқ ағылшын тілінде жүргізетін мұғалім керек пе – шертіп отырып таңдай аласыз.

Алғашқы сабақтарды назардан тыс қалдырмаңыз. Бейнесабақтарды көпшілігіміз үшінші, төртінші сабақтарынан бастап көреміз. Бұл – дұрыс емес. Алғашқы түсірілімдерінде жігер беретін сөздер айтады. Одан кейін әліпбиден бастап үйретеді. Мұны білемін деп келесі сабаққа өтіп кетпеңіз. Сіз білетін ақпаратты айтып жатса, айтар сөзі ішінде бейтаныс бір мәлімет болса да кездеседі. Соны аңдып отырыңыз. Мұғалім сіздің білетініңізді қалай түсіндіретінін, нені дұрыс, нені бұрыс айтқанын бақылаңыз. Барлығын жақсы түсіндірсе, бұл видеосабақты жасаған мұғалімнің біліктілігіне көз жеткізесіз. Сеніміңіз күшейіп, тіл үйренуге құлшынысыңыз артады.

Барлығын дәптерге жазыңыз. Мұғалімнің айтқандарын мұқият тыңдап, білетін-білмейтін ақпаратыңызды түгелдей дәптерге жазып отырыңыз. Еш ерінбеңіз, сонда жетістікке жылдам жетесіз. Жазу арқылы қолда, көзде ақпараттар жақсы сақталатыны белгілі. Бірінші күні он жаңа сөз, екінші күні он бес, үшінші күні жиырма жаңа сөз жазып, жаттаңыз. Күн сайын алдыңғыларын қайталап отырыңыз.

Бейнесабаққа қосымша күніне тағы бір сағат уақыт бөліңіз. Бұл мезгілде үйренуді қолға алған тіліңізде кино көріп, әуен тыңдап, түсінбеген сөздеріңізді аударып, жаттаңыз. Әуендердің сөзін тауып, бірге айтыңыз, осылай тілді жаттықтыра түсесіз.

Сабақтардың барлығын бір күнде көріп аяқтап, үйреніп кетемін деп ойламаңыз. Бір-екі күнде бір бейнесабақ көрсеңіз жеткілікті. Себебі өтілген тақырыпқа қатысты жаттығулар, тапсырмалар орындамасаңыз нәтиже шығуы екіталай. Бос уақытыңыз көп болса, бейнесабақты соңғы сабағына дейін толығымен көріп шығып, ұнаса, басынан бастап қайтадан күніне біреуін көруге болады.

Жаныңызға серік табыңыз. Бейнесабақ арқылы тілді досыңызбен не әлеуметтік желідегі танысыңызбен бірге үйренсеңіз, көңілдірек әлі жеңілірек болады. Шет тілінде сөйлесе бастайсыздар. Бастысы, тіл білу деңгейлеріңіз бірдей болғанына мән беріңіз. Бірге үйреніп жүрген соң, сабақты аяқсыз қалдырмайсыз.

Блог жүргізіңіз. Жауапкершілікті сезініп, бейнесабақ арқылы шет тілін үйренуді соңына дейін жеткізуге тағы бір себеп – блог жүргізу. Оны осы Массагет сайтында жүргізсеңіз де болады. Қай бейнесабақты бастағаныңызды, не үйренгеніңізді, қанша уақыт арнағаныңызды, барлық нәтижеңізді жазып отырасыз. Әдемі тілмен, көркемдеп жазу міндетті емес. Шама-шарқыңызға қарай өзіңіз жеке күнделік жазып отырғандай, не біреуге айтып отырғандай әңгімелеп жаза бересіз. Бұл өзгелерге де сабақ болып, оқырмандардың да қызығушылығын оятасыз.

@. @assel_assanova