Трендтегі сөмкелер

Трендтегі сөмкелер
Фото: voxpopuli.kz

Заманына қарай адамы. Оқу жылы басталмас бұрын қазіргі сәнге үйлестіріп, мектеп формасына икемдеп, сөмке таңдау керек. Қазіргі трендте жүрген сөмкелердің әдемілігі бірі-бірінен асады. Ал қазіргі сәнге енген сөмкелер қандай екен?

Жасөспірімдер сөмкенің сапасынан гөрі әдемілігіне баса назар аударады. Әсіресе қыздар сөмке таңдауда талабы мықты болады. Мысалы, жасына, киімдеріне сәйкес болуы тиіс, міндетті түрде әдемі болуы керек және көлемі үлкен болмауы тиіс. Ал ұлдар сөмкенің ашық түсті болмағанын қалайды және сөмкенің ішіне барлық зат сиюы керек. Ал осы сөмкелердің қазіргі түрлері қандай екен?

Мата

Матадан жасалған сөмкелер былғары сөмкелерге балама. Матаның барлық түрінен сөмке тігіле бермейді: мақта, брезент, полиэстер секілді шыдамдылығы мықты маталардан құрап жасайды. Ультракүлгін сәулеге тұрақты, су өткізбейтін сөмкелер жауынға да, күннің көзіне де шыдамды. Ал олардың түсі тым ашық болса, қысы-жазы көзге қуаныш сыйлайды. Басқа сөмкелерге қарағанда матадан тігілген сөмкелерді жуу оңай. Кір жуғыш машинамен де, қолмен де жууға болады. Оларды бүктеп салып алып жүруге де тиімді, көп орын да алмайды.

Былғары

Былғары сөмкелер ешқашан сәннен қалған емес. Жалпы, былғарыдан жасалған бұйымдар метал әшекейлермен әдемі көрінеді. Былғары сөмке таңдағанда оның ұстайтын бауы таза былғары екеніне көз жеткізу керек, сөмкенің тігісіне, материалына, тұлғасына көңіл бөлу тиіс. Егер былғары сөмкені күтіп ұстаса, көпке шыдайды.

Қызықты суреттер

Ұлдар сөмкелердің түрін өз қызығушылығына қарай таңдайды, бірі метал бұйымдары көп сөмке таңдаса, бірі түрлі түсті фигура пішінінде безендірілген сөмкелерді алады. Ал қыздар гүл суреттері бейнеленген сөмкелерге қызығады. Қазіргі таңда сөмкелер ғарыш кеңістігі, үкі, смайлшелер, леопард принті, газет қиындылары суреттерімен безендіріліп жүр.

Г. Берік