Балаларға арналған ойындар

Балаларға арналған ойындар
Фото: voxpopuli.kz

Әр ата-ана баласының ақылды, зерек, алғыр боп өскенін қалайды. Мұның бірден-бір шешімі – балаға дұрыс ойын ұйымдастыру. Бала ойынмен өседі, ойнаудан жалықпайды, себебі бұл оның сүйікті ісі дейді. Сүйікті ісінен пайда келтіріп, екі оқпен бір қоянды атқыңыз келсе, мына ойындарды ойнатыңыз.

Балаға кез келген түсті айтыңыз. Мысалы, күлгін дейік. Ол бөлме ішінде жүгіріп, барлық күлгін түсті нәрсені ұстауы керек. Сіз ешқандай күлгін нәрсе қалып қоймауын бақылаңыз. Одан кейін баланың есте сақтау қабілетін тексеріңіз. Жаныңызға шақырып, ұстаған барлық затын атап беруін сұраңыз.

Баланың алдына түрлі-түсті қарындаш не фломастер қойыңыз. Оған бұл қарындаш емес, көңілді адамдар не сөйлейтін нәрселер деңіз. Ол қарындаштарының атынан сөйлеуі тиіс. Мысалы, қызыл қарындаш: мен – алмамын, сары қарындаш – мен бананмын, жасыл қарындаш – мен жапырақпын, көк қарындаш – мен бұлтпын деген сияқты айтуы керек.

Ересек адам балаға кез келген жан-жануардың атын жасырады. Бала сұрақ қою арқылы жасырылған жануарды табуы керек. Жасырған адам сұраққа тек «иә» не «жоқ» деген жауап береді. Мысалы, «Ол шөп жей ме?», «көлемі үлкен бе?», «адамдар одан қорқа ма?» деген тәрізді сұрақтар қойып, жауабын тапқанша жалғастыра береді.

Бұл ойын балаға белгісіз сөздерді есте сақтауға, түсінуге көмектеседі әрі әртістік қабілетін шыңдайды. Оған бір сөйлемді әр түрлі тәсілмен айтуды тапсырыңыз. Мысалы: «Мен шұғыланың кереметін көрдім» деген сөзді:

Көңілді;
Қатты дауыстап;
Жай;
Мұңды;
Әндете;
Сыбырлай;
Әр сөзді үзіп-үзіп айтуды ұсыныңыз.

Бұл ойындардан балаңыздың логикасы дамып, мұқияттылығы артатынына сенімдіміз.

@. @assel_assanova