Биыл ҰБТ сұрақтарының базасы 50%-ға жаңартылған

Биыл ҰБТ сұрақтарының базасы 50%-ға жаңартылған
Фото: YouTube

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Тест сынағының базасы осы жылы 50%-ға жаңартылған. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабарлады.

- Бүгінгі күнге барлық ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақтарының базасы қалыптасқан. Осы жылы тест сұрақтарының базасы 50%-ға жаңартылды. Тест сұрақтары функционалдық сауаттылыққа, яғни әрі қарай оқуға қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, базалық түсініктерін анықтауға бейімделген. Тапсырмалардың формалары мен мазмұнының әртүрлі болуы оқу материалдарын жаттауды жоққа шығарады, сонымен қоса бітірушінің нақты білімі мен қабілетін бағалауға мүмкіндік береді, - деді министр.

Биыл ҰБТ тапсыруға 102 442 түлек өтініш берген. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 70 %-н құрайды екен. Оның ішінде қазақ тілінде - 77 222 түлек, орыс тілінде 25 174 мектеп бітіруші тест тапсырады. Сондай-ақ биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы – алғаш рет ағылшын тілінде де тест тапсыруға болады. Оған 200-ден астам түлек өтініш берген көрінеді. Оларға да кәдуілгі сұрақтар беріледі. Ағылшын тілінде тапсырғаны үшін жеңілдік берілмейді.

Биыл оқу грантын бөлгенде "Алтын белгі" иегерлеріне тек бір ғана басымдық беріледі. Ол - ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана "Алтын белгі" иегері ескеріледі.

Биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Былтырғыдай өткізіледі. Тест сұрақтары мен берілетін уақыт та сол қалпында қалды.

20 маусым мен 1 шілде аралығында 187 ҰБТ өткізу пунктерінде өтеді. Барлық тест сұрақтарының саны – 120, максималды бал – 140. Шекті бал – 50, Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 бал жинау қажет.

Ө. Сансызбай