Биылғы ҰБТ-да түлектер үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Биылғы ҰБТ-да түлектер үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Фото: uib.kz

Биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесі 15-ші рет өтеді. 15 жыл аз уақыт да емес. Осы аралықта 1,5 миллион мектеп бітіруші тест тапсырмаларына қатысқан. Ал жыл санап білім саласындағы бұл жүйе жетілдіріліп, өзіндік жаңалықтарымен ерекшеленіп келеді.

Биылғы ҰБТ-да түлектер үшін тест тапсыру және жоғары оқу орнын таңдау кезінде көмек болатын бірқатар жеңілдіктер болмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айта кетті.

- Бітірушілерге арналған жағдайды жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы келесі жаңалықтар енгізілуде. Бірінші, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге университетке құжат тапсырар алдында, балаға тапсырған пәндеріне сәйкес мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген гранттар саны және өткен жылғы гранттар конкурсының нәтижелері, яғни әр мамандыққа былтыр қандай балмен түскені туралы қосымша ақпарат жазылады. Бұл бітірушіге ҰБТ-да жинаған балын ескере отырып, мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді, - деді министр.

Түлектер үшін екінші бір жеңілдік - ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда келесі лекпен (потокпен) немесе кешенді тестілеуге қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл да мектеп бітірушілер үшін қажетті жеңілдіктің бірі. Себебі белгілі бір себептермен ҰБТ-ға үлгермей қалған түлектер бармағын тістеп, өмірден баз кешпеуіне зор көмек. Үшінші, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жеке көмекші, сондай-ақ ымдау тілі маманымен қамтамасыз етілетін болады.

Төртіншіден, Қазақстан бойынша ҰБТ-ға қатысты сұрақтармен тегін қоңырау шалуға болатын бірыңғай Call-орталық іске қосылады.

Бүгінгі Үкімет отырысында Ерлан Сағадиев мектептер рейтингі жүргізілмейтінін және өңір басшылары төменгі нәтижелер үшін жазалау шараларын қолданбауды баса айтты. Мұны да мектептер үшін жасалған оң жеңілдіктің бірі деп бағалауға болады.

- Министрлік ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жүргізбейді. Сондай-ақ әкімдердің назарына: ҰБТ нәтижелері бойынша жергілікті жерлерде жазалау шараларын қабылдамауын арнайы айтқымыз келеді, - деді министр.

Айта кетейік, биыл мектептегі бітіру емтихандары 29 мамыр мен 9 маусым аралығында болады. Ал ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу орталықтарында өткізіледі.

Н. Үсенова