ҰБТ-2017: орташа балл 80,5%-ды құрайды

ҰБТ-2017: орташа балл 80,5%-ды құрайды
Фото: programadespierta.es

Биыл жаңа форматтағы ҰБТ еліміздің 165 тестілеу пунктінде 20-27 маусым аралығында өткізілді. ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек өтініш беріп, олардың 67 627-сі қазақ тілінде және 20 968-і орыс тілінде тапсыруды ниет еткен. ҰБТ-ның өткізу ережесі мен тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 12 адам шығарылған. Тестілеу барысында 85446 тыйым салынған зат, соның ішінде 43 394 электрондық құрылғы (ұялы смартфон, роутер, модем және т.б) және 42052 қағаз жүзінде (шпаргалка, оқулықтар және т.б) алынды.

ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғарғы ұпай Алматы қаласының түлегіне тиесілі. «Ең жоғары балл жинаған Алматы қаласындағы «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» КММ бітірушісі Тасан Саят Елтайұлы. Ол 139 балл жинады. Сонымен қатар 7 адам – 138 балл жинады. 2017 жылы ҰБТ өткізу барысындағы барлық іс-шара штаттық тәртіпте өтті. Халық ҰБТ-ның жаңа форматын жақсы қабылдады», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

Спикердің сөзінше Қазақстан бойынша бес пәннен орташа балл 80,5%-ды құраған. Былтырғы жылғы көрсеткіш 81% болған.

«Шектік деңгейден, яғни 50 балл алған 74 517, оның ішінде 60-65 балл 5935, 66-119 балл 52 717, 120 – 139 балл 5 064. Шектік деңгейден өте алмағандар саны 14 066 адам», – деді Р.Әлімқұлов. Қажетті балды жинай алмаған түлектерге Білім және ғылым министрлігі өткен жылғыдай ҰБТ мен кешенді тестілеуді қайталау түрінде қайтадан тапсыруға мүмкіндік берді. «Ол үшін талапкерлер тамыз айының 1-9 аралығында ЖОО-на барып, өз құжаттарын тапсыруы тиіс. Егер де қайталауды тапсырған кезде керекті баллды тағы да жинай алмай қалатын болса, онда ЖОО-на барып бір семестрге шартты түрде алуына өтініш білдіруіге болады. Қабылданған жағдайда бір семестрді ақылы түрде оқып, қыста кешенді тестілеуді қайта тапсыруы керек. Бұл жерде түлектің білімге деген құштарлығы мен ата-анасының жауапкершілігі маңызды орын алады», – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова.

Г. Берік