Елімізде жаңа форматтағы ҰБТ басталды

Елімізде жаңа форматтағы ҰБТ басталды
Фото: timeskz.kz

Бүгіннен бастап Қазақстанда мектеп түлектері жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып жатыр. ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Мектеп түлектері тесттерді 165 ҰБТ өткізу пунктінде тапсырады.

Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде тест тапсыратын түлектерге Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келді. Ол түлектерге сәттілік пен сенімділік тіледі. 

"Сұрақтар оңай, барлығына күштеріңіз жетеді, маңыздысы сабырлы болу, алаңдамау және барлық сұраққа дұрыс жауап беруге тырысу. Уақыттарыңыз бар", – деді министр тестілеу алдында. 

ҰБТ-ға бірінші болып кіргендер мөрленген қорапты министрмен бірге ашты. Тестілеу дәптерлері аса құпия сақталған, мөрленген қорап та мұқият тексерілген. Мөрленген қорапты үш түлек шақыртылып, олардан ашу кезінде мөрдің бүлінбей тұрғаны туралы қолхат алынды. 

Тест дәптерлері бар қораптар ашылғаннан кейін кабинетке ешкім де кіре алмады. Университет ауласында тақымын қысқан ата-аналар тұр.   

Айта кетейік, ҰБТ 5 пән бойынша тапсырылады: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (20 тапсырмадан, шекті деңгейі - әр пәннен кемінде 5 баллдан) және таңдалған мамандыққа сәйкес 2 бейінді пәннен (30 тапсырмадан, шекті деңгейі 15 баллдан кем болмауы тиіс). 120 тесттік тапсырма бойынша түлек максималды 140 балл алуы мүмкін. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут уақыт бөлінеді.  

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, арыз жазған. Олар биылғы мектеп бітірушілердің жалпы санының (131 377) 71 пайызын құрап отыр. ҰБТ тапсыруға ниетті 69 209 түлек қазақ тілінде, ал 23 618 - орыс тілінде тапсырады. ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі. Бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ Интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған. 

Емтихан материалдары құпиялықты қамтамасыз ету нұсқаулығының қатаң талаптарымен, 99 мың дана таралыммен басылып, буылған. 

 

Г. Берік