- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұшақ билеті -...
"Ұшақ билеті - 2500 теңге". Түркиядағы қазақстандық студент апаттан кейінгі жағдайды айтты
Түркияда жер сілкінісі салдарымен күрес жүргізіліп жатқанына бірнеше күн болды. Кейінгі деректер бойынша қаза тапқандар саны 14 мыңнан асты. Massaget.kz тілшісі Түркияда оқып жүрген жамбылдық Арай Жұматаймен сұхбаттасып, жағдайды сұрады.
Арай көрікті жерлердің күл-талқаны шыққанын айтады.
"Тілеулес болып, хал-жайымызды сұрап жатқандарыңызға рақмет. Қазір Анталиядамын. Басқа он провинцияда болған апаттың салдары, ауқымы тым үлкен. Қаза тапқандар саны артып барады. Тарихи, сұлу мекендер көз алдымызда бір-ақ сәтте қирап қалды. Қалалардың қазіргі көрінісі, адамдардың хәлі жүрек ауыртады", - дейді ол.
Зілзала болмаған аймақтардың тұрғындары әлі күнге үрейлі екен. Арай қазір тұтас ел зардап шеккендердің тілеуін тілеп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жан-жақтан, шетелден келіп жатқан гуманитарлық көмектен бөлек, қарапайым халық та қолдау көрсетуден аянып жатқан жоқ.
"Қазір Анталияда апат аймақтан келген азаматтар үшін 1-5 жұлдызды қонақүйлер тегін қызмет ете бастады. Университет кампустерінен жатақханалар берілді. Лауазымды тұлғалардан бастап күзетшіге дейін қолдан келгенше көмектесіп жатыр", - деді ол.
Түркиядағы зілзалаға қатысты ақпараттар, ресми мәліметтер сәт сайын жаңартылып жатыр екен. Түркиядағы қазақстандықтың айтуынша, апат болған қалаларға ұшақ билеттері 100 лира (2500 теңге) төңірегінде, ал автобустар тегін қатынап жатыр.
Көмекке ұмтылған волонтерлер саны да өте көп екен. Арай Жұматай қазақстандық студенттер де шамалары жеткенше материалдық, моральдық қолдау көрсетіп жатқанын айтты.
Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсетуге болатыны туралы мына жақтан біле аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.
Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды.
Ардақ Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова