Жақында Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болып, оның салдары Түркия мен көршілес Сирияның көп аймағына тиді. Зілзала салдарынан екі елде 21 мыңнан аса адам қаза тапты. Ал Сирияда қаза болғандар саны 3 мыңнан асты. Алайда бір күнде мыңдаған адам өмірін қиған зілзаладан кейін әлем назары Түркияға ауды. Бірақ бұған дейін де соғыс, аштық және күні кеше болған жер сілкінісі салдырынан Сирияның жағдай мәз емес. Әлемдегі түрлі қауымдастықтың кей елі Сирияға көмек көрсеткісі келмейтіндей. Әлем алпауыттары арасында мұндай тенденция бар ма? Massaget.kz тілшісі бұл туралы саясаттанушы Мақсат Жақаумен сұхбаттасты.
Саясаттанушының айтуынша, мұндай жағдай Батыс елдерінің ұстанымына байланысты. Олардың бұған дейінгі Сириядағы түрлі режимге көзқарасы кешегі болған оқиғаға да әсерін тигізді.
"Түркияның халықаралық деңгейде беделі жоғары, себебі ол әлемдік саясаттағы басты ойыншылардың біріне айналды. Экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдер енді бұл елмен санасатын деңгейге жетті. Сондықтан осының арқасында Түркиядағы болған зілзалаға 70-тен аса мемлекет қолдау білдіріп жатыр. Шыны керек, Сирияға да мемлекеттер көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, кеше Мемлекет басшысы Тоқаевтың арнайы Жарлығымен материалдық көмек жіберілді. Оған қоса Ресей, Оңтүстік Корея да көмек жіберіп жатыр. Бірақ Батыс елдерінің Сирияға қатысты ұстанымы бар. Кезінде мемлекеттер ДАИШ пен Асад режиміне қарсы ұстанымдарын білдірген. Оларға Сирия арнайы агрессия ошағы ретінде қалды және бұл көзқарас әлі күнге дейін сақталып отыр", - дейді саясаттанушы.
Мақсат Жақаудың айтуынша, елдер арасындағы көмек арнайы келісім арқылы жүргізіледі.
"Иә, Түркияға қарағанда Сирияға жеткілікті дәрежеде көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Бұл жерде саяси астары бар мәселе көп. Дегенмен зілзала - ескертусіз болатын табиғи апат. Бірақ Түркия мен Сирия аймағы бұрыннан жер сілкінісі ошағы ретінде белгілі. Орналасу аймағы да қауіпті. Зілзала салдарынан 21 мыңнан аса адам қаза тапқан. Екі елге тек ақшалай емес, сонымен қатар, киіз үй жіберіліп, қосымша күш жұмылдырылып жатыр. Мұның бәрі мемлекеттер арасындағы келісім негізінде жүргізіледі", - деді Мақсат Жақау.
Мақсат Жақаудың айтуынша, Сирияға жеткілікті түрде көмек көрсетілмеудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Батыс елдері ДАИШ террор ұйымы мен Асад режимінің байланысы анықтағаннан кейін қарсы ұстанымын білдірді. Екіншіден, 2011 жылдан басталған соғыстан кейін Батыс елдеріне Сирия агрессия ошағы ретінде қалыптасқан. Саясаттанушы пікірінше, әлем лидерлері бұл көзқарасты сақтап отыр.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 20 мыңнан аса адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Түркия мен Сирияда не болып жатыр?
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ИЫҰ арқылы Сирияға көмек жіберуді тапсырды. Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді.
Сондай-ақ, Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Tiranapost басылымының мәліметінше, әйгілі футболшы Лионель Месси жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия мен Сирияға көмек ретінде 3,5 миллион еуро аударатынын мәлімдеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!