- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркияда жер сілкінісінен...
Түркияда жер сілкінісінен кейінгі орындар ғарыштан суретке түсірілді
"Роскосмос" Түркиядағы жер сілкінісінен кейінгі орынның суретін жариялады, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Жақында түрік бұқаралық ақпарат құралдары Хатай провинциясындағы жер сілкінісінен кейінгі таңғалдыратын кадрларды жариялады. Онда тереңдігі 30 метр, ені 200 метр болатыны көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жер сілкінісі кезінде қатты дыбыс естіген.
Ал Түркия билігі апаттан зардап шеккен қалалардың шығынын есептей бастаған. РИА Новости мәліметінше, сегіз мыңға жуық ғимаратты сүру керек. Түркияның қала құрылысы және қоршаған орта министрлігі 132 мыңнан аса ғимаратты бағалаған.
"7584-і опырылды немесе шұғыл түрде сүрілуі керек, 12 617 ғимарат бүлінуіне байланысты тұруға жарамсыз күйде", - делінген түрік ведомствосы хабарламасында.
Тағы 31 мыңнан аса ғимарат бүлінген. Ал 60 мыңнан астамы зардап шеккен жоқ. Тексеріс 3-4 күнге созылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.
Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова