- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Үкіметке ИЫҰ...
Тоқаев Үкіметке ИЫҰ арқылы Сирияға көмек жіберуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады. Сонымен қатар, Президент Үкіметке ИЫҰ арқылы Сирияға көмек жіберуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланысып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатайға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсетуге болатыны туралы мына жақтан біле аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.
Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова