- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сайлауда бюллетень бүлінген...
Сайлауда бюллетень бүлінген жағдайда жаңасы беріле ме?
Бүлінген бюллетеньді бір рет қана ауыстыруға болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы сайлау бойынша жалпықалалық баспасөз орталығының алаңында Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова айтты.
Қалықова журналистің егер дауыс беруші қателесіп, сызылып тасталған кандидатқа дауыс берген болса, оның басқа адамға дауыс беру мүмкіндігі бола ма деген сұраққа жауап берді.
"Егер сайлаушы қате жіберіп, ол бюллетеньнен сызылған кандидатты белгілесе және бюллетеньді жәшікке салмай тұрып қателескенін анықтаса, оның учаскелік комиссияға жүгініп, осы бюллетеньді өзгертуді сұрап, қайта дауыс беруге болатын басқасын алу мүмкіндігі бар", - дейді Айгүл Қалықова.
Сонымен қатар, ол бүлініп қалған бюллетень жарамсыз деп саналатынын атап өтті. Дауыс беруден кейін мұндай бюллетеньдер қолданылмаған бюллетеньдермен бірге жойылады.
Соған қарамастан, жарамсыз бюллетень орнына жаңасы дауыс берушіге бір рет қана беріледі.
Еске салайық, бүгін Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат сайлауы басталды. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және Астана әкімі Жеңіс Қасымбек дауыс беріп үлгерді.
Соңғы мәліметтер бойынша, сайлауда дауыс бергендер саны 30,65 пайызға жетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина