Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылғаннан кейін қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бостандық аудандық полиция басқармасының бөлімі соталды тергеу жүргізіп жатыр.
"Тергеу шараларының кешені, соның ішінде санитария-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеріс қорытындысы негізінде оқиғаның мән-жайы анықталып, процессуалдық шешім қабылданады", - деді Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда РФММ-ның 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түскені хабарланды.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушылары арасында ішек инфекциясының 48 дерегі тіркелуіне байланысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, санитария-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Тамақтану блогына тексеріс жүргізіліп, санитария талаптары бұзылғаны анықталған.
Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген және дезинфекция жүргізілген. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланған. 14 қазандағы жағдай бойынша 48 дерек тіркелді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова