Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде не болып жатыр? ДСМ жауабы

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде не болып жатыр? ДСМ жауабы
Фото: almaty.fizmat.kz

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушылары арасында ішек инфекциясының 48 дерегі тіркелуіне байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, санитария-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Тамақтану блогына тексеріс жүргізіліп, санитария талаптары бұзылғаны анықталған.

Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген және дезинфекция жүргізілген. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған.

Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметінше, мамандар Master Food ЖШС-ның тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары бұзылғанын анықтаған.

"Инфекция көзін анықтау мақсатында су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар, шайындылар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері тексерілді. Зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, кейбір тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша шектеу шараларын енгізуді және құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып тастауды көздейтін бес қаулы шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Интернат ғимаратында да дезинфекция жүргізілген. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауда.

"Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланды. 14 қазандағы жағдай бойынша 48 дерек тіркелді. Барлық науқас емге жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты. Реанимациялық көмекті қажет ететін науқастар жоқ. Тексеріс нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау, процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді", - деді ДСМ өкілдері.

Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда РФММ-ның 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түскені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget