Алматыда РФММ-ның 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түсті

Алматыда РФММ-ның 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түсті
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 50-ге жуық оқушысы жіті ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Бұл ақпаратты Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде жазба жарияланып, желі қолданушыларының бірі жиендері мен басқа да оқушылар ауруханаға түскенін айтты.

"Бүгін бүкіл мектеп үш күнге карантинге жіберілгенін айтты. Неге еш жерде жарияланбайды?! 50-ге жуық оқушы ауруханаға түсті", - деп жазды ол.

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы 12-13 қазанда жіті ішек инфекциясы белгілерімен 47 оқушы ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.

Интернаттағы тағы сегіз бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.

Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектеп жұмысы уақытша тоқтатылғаны хабарланды. Мамандар тексеріс жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget