12 тамызда таңертең Алматыда барахолка базары маңындағы қоймалардан өрт шықты. Болжам бойынша, өрт қоймалардың бірінде электр сымдарының тұйықталуынан шыққан. Бірақ жалға алушылар өрт темекі шоғынан шыққан болуы мүмкін деп отыр. Massaget.kz тілшісі оқиға орынан барып, жалға алушылардан жағдайды сұрап білді.
Бүгін, сағат 07:16 шамасында өртсөндірушілер Жетісу ауданы Москин 7В мекенжайына шақыртуға шықты.
Алматы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, оқиға орнында жедел штаб, бірнеше өрт сөндіру учаскесі құрылған. Барлығы ТЖД жеке құрамынан 200-ден аса адам және 50 техника, сондай-ақ су тасу үшін Алматы қаласының коммуналдық қызметтері мен құтқару қызметінің 7 су таситын көлігі жұмылдырылған.
Өртсөндірушілер тауарлық-материалдық заттар бар қоймалардың тез жанғыштығына қарамастан, өрттің көрші қойма аумақтарына таралуын болдырмады.
Өрт шыққан аймақтың аумағы 3000 квадрат метр. Тілсіз жау шарпыған тауарлар ішінде телефон аксессуарлары, тұрмыстық техника, құрылыс тауарлары, қолғаптар және ыдыс-аяқтар бар. Шамамен, 3-4 қойма өртенген.
Болжам бойынша, өрт қоймалардың бірінде электр сымдарының тұйықталуынан шыққан. Бірақ, қойманы жалға алушылар өрт себебі темекі шоғынан басталуы мүмкін деп отыр. Қоймаға түнде екі жүк көлігі келген, тауарды түсіріп жүрген жұмысшылар тыйым салынған орындарда темекі тартып, соның салдарынан өрт шығуы мүмкін, дейді сатушылар.
Қойманың жұмыс уақыты ыңғайсыз, сондықтан да өрт өрбіп кеткен болуы мүмкін деп ойлайды қойма егелерінің бірі Сұңқар Қанатұлы.
"Өрт себебі, қауіпсіздік техникасы сақталмағандықтан деп ойлаймын. Оған қоса, қойма кештен таңғы 9-ға дейін жабық тұрады. Өрт басталғанда ең алдымен контейнер ішінде кішкенеден басталады ғой, барлығын түтін үлкен болып шыққан кезде ғана көрген. Егер оны ертерек байкағанда мүмкін өрттің көлемі ұлғаймас еді", - дейді Сұңқар Қанатұлы.
Енді, өрттің қалай шыққаны зерттеледі. Тауарларға келтірілген залал үшін өтемақыны, өрт басталған қойма егесі өтеп беретіні айтылды. Бұл шешіммен барлығы келісіп отыр, өйткені әр қойма жалға алушысы жайдың уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті және темекі немесе басқа да тыйым салынған әрекеттердің жасалмауына жауапты. Ережелер орындалмаған жағдайда, аумақ басшылары айыппұл салып отырған.
Дүйсенбі күні зардап шеккен сатушылар өтемақы жөнінде өтінім жазады. Олар тауар ақысын шығарып алуды ойлап отыр.
"Бізге ең бастысы өтемақымызды әділ қайтарса болғаны. Дүйсенбі күні осы мәселе бойынша арыз жазуға басшылыққа барамыз", - қоймасы өртенген Майнур Айтан.
Еске салайық, биыл қаңтарда осы Москин 7В мекенжайында тағы бір өрт шыққан болатын.
Айта кетейік, 12 тамызда таңертең Алматдағы барахолка базары аумағында ірі өрт шыққаны хабарланған болатын. Кейін Москвин көшесінде алдын ала ақпарат бойынша кеңсе заттары, керек-жарақтар, ұялы телефон заттары бар қоймалар ашық жалынмен өртеніп жатқаны айтылды.
Сағат 9.45-те 2250 шаршы метр аумақтағы өрт ауыздықталып, сағат 12:22-де толық сөндірілгені хабарланды.
@massaget.kz #барахолка #жалын #алматы #казахстан #рек ♬ original sound - Massaget.kz
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!