Орта жаста дұрыс тамақтануға көшу өміріңізді сегіз жылдан аса уақытқа ұзартуға көмектеседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Styler"-ге сілтеме жасап.
Ұлыбританиядағы 460 000 адам қатысқан зерттеуге сәйкес, өмір ұзақтығын арттыруға арналған тамақтанудағы ең маңызды өзгерістер тәтті сусындар мен өңделген етті (шұжық, бекон) азайтуға негізделген.
Сондай-ақ рационға жаңғақтар мен тұтас дәнді дақылдарды қосу керек.
Бір жақсысы, зерттеу нәтижелері рационды өзгерту ешқашан кеш емес екенін көрсетті.
Адамдар күніне жемістер мен көкөністердің бес порциясын және крахмалды, ақуызға бай өнімдерді жеткілікті түрде жеу керек. Ал майлы, тұзды және тәтті тағамдарды барынша азайту қажет.
"Дұрыс тамақтану жүрек талмасы және инсульт секілді аурулардан болатын өлімнің алдын алуға көмектеседі", - дейді зерттеуді басқарған профессор Ларс Таднес.
Тамақтану бойынша маңызды кеңестер
Көпшілік адам жемістер мен көкөністерді жеткілікті мөлшерде жемейді. Алайда жемістер мен көкөністер - дәрумендер, минералдар және жасұнықтардың көзі. Олар біз күнде жейтін тамақтың үштен бір бөлігін құрауы керек. Күнде түрлі жемістер мен көкөністерді 5 порциядан аз жемеуге тырысыңыз. Ал жеміс шырындары мен смузилерді күніне 150 мл-ден артық ішпеген жөн.
Крахмалды тағам да біз жейтін тағамның үштен бір бөілігін құрауы керек. Құрамында жасұнығы көп сұрыптарды немесе тұтас дәнді сұрыптарды таңдаңыз. Мысалы: тұтас дәнді ұннан дайындалған макарон немесе қоңыр күріш.
Үрмебұршақ, бұршақ, жасымық секілді бұршақтылар - ақуыз бен жасұнықтың көзі.
Майлы емес ет таңдауға тырысыңыз және бекон, шұжық секілді өңделген етті азайтыңыз. Аптасына аз дегенде екі рет балық жеңіз.