"Артық тамақтану, қысымды тексермеу". Инсульт қаупін арттыратын факторлар

"Артық тамақтану, қысымды тексермеу". Инсульт қаупін арттыратын факторлар
Фото: pixabay.com

Инсульт науқастардың жиі мүгедек болуына әкелетіндіктен және өлім-жітімнің жиі кездесетін себебі болғандықтан, бұл аурудың алдын алу өте маңызды. Ол үшін бұл аурудың неден пайда болатынын білу керек. Ендеше, инсульт қаупін арттыратын факторларды ұсынамыз.

Артық тамақтану

Артық тамақтану жиі артық салмаққа және семіздікке апарады. Семіздік — диабет пен жоғары қан қысымының негізгі факторы. Ал бұл шарттар инсульт қаупін арттырады. Сондай-ақ семіздік холестериннің және триглицеридтің (қандағы майлар) жоғары деңгейімен байланысты. Бұл жүрек-қан тамырлар ауруларының пайда болу мүмкіндігін арттырады.

Қысымды тексермеу

Қан қысымының артуы (гипертония) — инсульт себебінің негізгі себептерінің бірі. Адамдардың көпшілігі өзінде гипертония бар екенін білмейді. Себебі оны сезе бермейді. Ол адамды ауыртпайды. Сондықтан адамдар жүйелі түрде өз қысымдарын тексеріп тұруын пайдалы әдетке айналдыруы керек.

Ішімдікке салыну

Алкогольдің инсульт қаупімен байланысы бұрыннан таныс. Ол көптеген зерттеулермен дәлелденді.

Құрамында холестерин деңгейі жоғары өнімдерді көп жеу

Оларға қызыл ет, трнасмайлары бар өнімдер (фастфуд), пальма майы, сүтті өнімдер және тәттілер жатады. Егер сіз зиянды холестерині бар тамақты көп жесеңіз, ол қанда жиналып, артерияда түзілімдер (түйіншек) пайда болуына әкеледі. Ал олар, өз кезегінде, инсультке апарады. Оның алдын алу үшін жүйелі түрде қандағы холестерин деңгейін тексертіп, рациондағы қауіпті өнімдер мөлшерін азайту керек.

Темекі тарту

Темекі тарту және темекі түтінімен демалу инсульт қаупін арттырады. Темекіні тастаған соң 5 жылдан кейін инсульт қаупі азаяды.

Аз қозғалу

Физикалық белсенділік инсульт қаупін 25–30%-ға азайтады. Ересектер спортпен аптасына 3-4 рет айналысқаны дұрыс. Егер жаттығу жасауға уақыт болмаса, көбірек жаяу жүруге тырысыңыз. Мысалы, жұмысқа бара жатырғанда өз аялдамаңыздан бұрын түсіп қалыңыз және лифттің орнына баспалдақпен көтеріліңіз.

Апноэ

Апноэ - ұйқы кезінде тыныс алудың қысқа уақытқа тоқтауы. Көбінесе ол 20-30 секундқа созылады, бірақ ауыр жағдайларда ол 2-3 минутқа созылуы мүмкін. Адам қорылдайды, оның ұйқысы үстірт болады, осыған байланысты үнемі шаршау және тітіркену пайда болады. Апноэны дәрігер емдеуі керек, әйтпесе ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Инсульттің бір апта бұрын пайда болатын 5 белгісі

А. Жапатова