Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты үкім шықты. 28 жастағы Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Судья Саммидин Темірәлиев айыпталушыны Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танып, әр эпизод бойынша мынадай жаза тағайындады:
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - өмір бойына бас бостандығынан айыру;
- 125-1-бап - 2 жылға бас бостандығынан айыру;
- 115-1-бап - 200 сағаттық қоғамдық жұмыс.
"Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу тағайындалсын", - деді судья.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Мән-жайы
Бұл іс бойынша айыпталушы - 28 жастағы Ш.А. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталды:
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
- 125-1-бап - "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
- 115-1-бап - "Сталкинг".
Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.
Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.
2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова