Нұрай ісі: прокурор қызға 35 рет пышақ сұғылғанын мәлімдеді

Нұрай ісі: прокурор қызға 35 рет пышақ сұғылғанын мәлімдеді
Фото: марқұмның жақындары ұсынған

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі басталды. 23 шілдеде прокурор айыптау актісін оқыды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айыптау нұсқасы бойынша бірнеше айға созылған аңдудан кейін Ш.А. қызды өлтіруге бел буған. Прокурор 2026 жылы 11 қаңтарда кешке айыпталушы Нұрайдың Шымкенттегі үйіне келгенін айтты. Ол пышақ ала келіп, оны қалтасына жасырған. Қыз үйден шыққанда, ол сөйлесуді ұсынған, бірақ қыз бас тартып, кері қарай беттеген.

"Сол сәтте Ш.А.-да кісі өлтіру ниеті пайда болған. Содан кейін жәбірленуші Серікбай көпқабатты үйлердің арасымен бара жатқан қолайлы сәтті пайдаланып, алдын ала дайындап келген пышағын алып, оның денесіне 5-6 рет сұққан", - деді прокурор.

Айыптау мәліметі бойынша алғашқы соққылардан кейін Нұрай қашуға тырысқан, бірақ бірнеше метрден соң аулада құлап қалған. Прокурор айыпталушы оған қайта жақындап, пышақ сұғуды жалғастырғанын мәлімдеді.

"Қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізуді көздеген Ш.А. қолына пышақ алып, жерде жатқан жәбірленушіге қайта жақындап, оған жалпы саны 35 пышақ жарақатын салған. Соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Осыдан кейін Ш.А. оқиға орнынан бой тасалаған", - делінген айыптау актісінде.

Нұрайдың өліміне қатысты іс

Еске салайық, 2026 жылы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Massaget.kz жаңалықтар сайты (@massaget.kz)

Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.

Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.

Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget