Нұрайдың өліміне қатысты іс: айыпталушыны өмір бойына соттау сұралды

Нұрайдың өліміне қатысты іс: айыпталушыны өмір бойына соттау сұралды
Фото: Видео кадры

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. 11 тамызда прокурор айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айыпталушы - 28 жастағы Шерхан Аймахан. Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылып отыр.

Тараптардың жарыссөзі барысында прокурор Мадияр Әбілқасымов соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, әр эпизод бойынша мынадай жаза мерзімін тағайындауды сұрады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - өмір бойына бас бостандығынан айыру;
  • 125-1-бап - 2 жылға бас бостандығынан айыру;
  • 115-1-бап - 200 сағаттық қоғамдық жұмыс.

"Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, жазаны өтеуді қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде белгілеуді сұраймын. Жазаны өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен бастап есептелсін", - деді прокурор.

Мән-жайы

Бұл іс бойынша айыпталушы - 28 жастағы Ш.А. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып отыр:

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
  • 125-1-бап - "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
  • 115-1-бап - "Сталкинг".

Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.

Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.

2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Massaget.kz жаңалықтар сайты (@massaget.kz)

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget