Қазақстан Президентінің атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза тапқан жандардың туған-туыстарына, сондай-ақ, Қазақстан халқына қайғыға ортақтасып көңіл айтты.
Мемлекет басшысы қиын сәтте жұбату сөзін жеткізген әріптестеріне ризашылық білдіріп, халықаралық қолдау мен тілеулестік айрықша маңызды екенін айтты.
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!