Түркиядағы жер сілкінісі алдын ала мамандар тарапынан ескертілгені бірнеше рет айтылған еді. Осы орайда Түркия Ғылым академиясының мүшесі, профессор Наджи Горюр Түркиядағы жер сілкінісін алдын ала болжап қана қоймай, қай өңірлер әлі де қауіпті екенін айтқан - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кахраманмаршта болатын жер сілкінісін алдын ала болжадым, ескерттім. "Апатқа дайын болу керек" дедім. Оларға айтып, тіпті қай өңірлерде болатынын сызып көрсеттім, мені тыңдамады. Өкінішке қарай, 6 ақпанда жер сілкінісі басталды. 7.6-7.7 баллдық шкаламен. 9 сағат ішінде екі рет дәл осындай магнитуда көрсетуі - өте сирек кездесетін дүние. Бірақ неге дәл осылай 2 рет қайталанды? Түркияда жер сілкінісінің оянуына әсер ететін 2 жер бар. Біреуі - солтүстік, біреуі - шығыс. Осы жағдайдан кейін Адана қаласы апатқа бейім. Бұл қалаларда өте сақ болу керек. Бірақ литосфералық жер тақтайшалары өзінің энергиясын сілкіну арқылы шығарып алды, енді ширек ғасырда жер сілкінбейді. Бірақ Адана мен Хатай провинциясында сақ болу керек. Мұндай алапат 1766 жылы Түркияның Карлова және Бёнгюль қалаларында болған еді. Кахраманмараштағы зілзала Мармара дүмпуінен де жойқын болды. Ыстамбұлдағы жағдай да мәз емес. Ыстамбұлда болса, кемі 7,5 баллды күтеміз. Мүмкін одан жоғары болады, бірақ айтқаным келмесе екен. Болып жатса оны да көреміз", - дейді ол.
Сондай-ақ, ашық дереккөз мәліметтері мен БАҚ-та нидерландылық сейсмолог Фрэнк Хугербит Түркия мен Сириядағы жер сілкінісін алдын ала болжағаны жазылып жатыр. Ол үш күн бұрын жер сілкінісін болжағаны айтылады.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.
Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!