Маңғыстауда зардап шеккен әскери қызметшінің жағдайы туралы мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың сөзінше, Каспий теңізіндегі оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Бұл туралы ол үкіметтік комиссия отырысында айтты.
"Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - деді ДСМ өкілі.
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылған. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!