Маңғыстау облысындағы трагедия: күдіктілер анықталды

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза табуына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратура мәліметінше, оқиға орнында тексеріс жүргізіліп, 30-дан аса әскери қызметшіден жауап алынған, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген. 12 сараптама тағайындалған.

"Қызметке салғырт қарады деген күдікпен, сондай-ақ, метеорологиялық жағдайды ескеріп, жеке құрамның қауіпсіздігі үшін тиісті бақылау мен қажет шаралар қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдар қаза табуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу органдары күдіктілердің әрекетіне толық құқықтық баға беріп, оларға процестік шаралар қабылдайды", - деп жазылған хабарламада.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылған. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!