11 жастағы қыз лифтіде мысықты азаптаған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеода кішкентай қыз қолындағы мысықпен бірге лифтіге кіргенін көруге болады. Артынша ол мысықты қылғындырып, еденге лақтырып, тепкілей бастайды. Сосын түк болмағандай лифттен шығып кетеді. Қазақстандықтар кішкентай қыздың әрекетіне таңғалды. Оқиға Алматыдағы "12 Месяцев" тұрғын үйінде болған.
Алматы қаласының Полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша Алмалы ауданының Полиция басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр.
"Қарағандыдан туыстарына келген 11 жастағы қыз құқық бұзғаны анықталды. Өзге мән-жай анықталып жатыр. Бұл дерекке қатысты құқықтық баға беріледі", - дейді ПД өкілдері.
Еске салайық, 25 маусымда Атырауда итке қастандық жасалған болатын. Белгісіз біреулер итті суға батырмақ болған.
Атырауда 25 маусымда жантүршігерлік оқиға болды. Волонтер және жануарлар құқығын қорғаушы Мамучар Карлович белгісіз біреулердің итті суға батырып жатқаны туралы ақпарат алғанын айтты. Оқиға орнында ол итті судан тапқан, қаскүнемдер жануардың аяғына тас байлады. Ит арнайы баспанаға жеткізілді, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, бұған дейін әлеуметтік желіде бірнеше ер адам итті аяусыз өлтіріп жатқан видео тарағанын хабарлаған едік. Бұдан басқа, Өзбекстанда қасқой итті көлікке байлап, жол бойымен сүйреген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!