Құрылтайда сегіз комитет құрылып, төрағалары сайланды

Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төрағалары болып мына депутаттар сайланды:

  • Серік Егізбаев - Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті;
  • Үнзила Шапақ - Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті;
  • Марат Қожаев - Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті;
  • Әмірбек Оспанбеков - Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті;
  • Асхат Аймағамбетов - Әлеуметтік-мәдени даму комитеті;
  • Ольга Перепечина - Қаржы және бюджет комитеті;
  • Дархан Ахмедиев - Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті;
  • Наталья Годунова - Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті. 

Құрылтай туралы

Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. 

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау. Сайлауға 7 партия қатысты. 

25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша қорытынды нәтижені жариялады. Партиялар Құрылтайға өтуі үшін жалпы дауыс берушілер санының кемінде 5 пайызын жинауға тиіс болатын.

Құрылтайға бес саяси партия өтті. Мандаттар былай бөлінді:

  • "Әділет" партиясы - 110 мандат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 8 мандат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10 мандат;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 8 мандат;
  • Respublica партиясы - 9 мандат.

27 тамызда Құрылтай депутаттарының толық тізімі белгілі болды. 

28 тамызда Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты. Айбек Дәдебай жаңа Құрылтайдың төрағасы болып сайланды. Депутаттар оның кандидатурасын жасырын дауыс беру арқылы қолдады. 

Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай өзінің орынбасарлары лауазымына Нұрлан Бекназаровтың, Дания Еспаеваның және Динара Зәкиеваның кандидатураларын ұсынды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!