Құрылтай депутаттары ант беріп жатыр

Жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына адал болуға ант беріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алғашқы болып "Әділет" партиясынан депутат Константин Авершин ант берді.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіме жүктелген депутаттың мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін" - делінген ант мәтінінде.

Бүгін Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашты.

Айта кетейік, кеше Құрылтай депутаттарының толық тізімі белгілі болды. 

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысты. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. 

Құрылтай сайлауының нәтижесі

25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша қорытынды нәтижені жариялады. Партиялар Құрылтайға өтуі үшін жалпы дауыс берушілер санының кемінде 5 пайызын жинауға тиіс болатын.

Құрылтайға бес саяси партия өтті. Мандаттар былай бөлінді:

  • "Әділет" партиясы - 110 мандат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 8 мандат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10 мандат;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 8 мандат;
  • Respublica партиясы - 9 мандат.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!