- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көліктер қозғалыс кезінде...
Көліктер қозғалыс кезінде қуатталады
Болашақта көліктер қозғалыс кезінде жолдан қуат алады. Ұлыбританиялық Highways England компаниясы автомобильдерді қозғалыс кезінде электр энергиясымен қуаттайтын тасжол салмақ. Алғашқы жол келесі жылы сынақтан өтеді.
Британдық Mirror басылымының хабарлауынша, электрлі және гибридті көліктер жол бетіне төселген құрылғыдан қуат алады. Энергия алу үшін электромобильдер жол бойына тоқтамауына болады. Тасжол сынақтан сәтті өтсе, жаңа технология Біріккен Корольдіктің басты жолдарының құрылысында қолданылады.
Highways England компаниясының бас инженері Майк Уилсон (Mike Wilson) жаңа технологияның қуаттауға кететін уақытты үнемдеу мақсатында дамытылып жатқанын айтады. Сонымен қатар, бұл экологиялық таза транспорттық жүйенің дамуына да өз үлесін қосады.
Ұлыбританияның транспорт министрі Эндрю Джонстың айтуынша, үкімет фантастикалық технологияны жүзеге асыру үшін келесі бес жылы 500 миллион фунт стерлинг бөледі.
Айта кетсек, Ұлыбританияның автоөндірістік қауымдастығы бүгінге дейін елде 35 мың электромобиль тіркелгенін хабарлаған. Және бұл сандық көрсеткіш өсіп келеді. Сондықтан жаңа жоба болашақта ұтымды инфрақұрылымға айналуы мүмкін.
Ж. Өрісбай