КҚК теңіз терминалы айдынында ұшқышсыз ұшу аппараттары екі танкерге қайта шабуыл жасады. Бұл туралы консорциумның ресми Telegram арнасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 шілдеде Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де мұнай тиеп тұрған Niffos Sifnos танкері шабуылға ұшыраған. Жөнелтуші - "Теңізшевройл" ЖШС ("Шеврон" компаниясы).
"ҰҰА-ның шабуылы салдарынан жүк палубасындағы мұнай қабылдауға арналған манифольдтар аумағында өрт шығып, оны танкер экипажы КҚК-ның үш көмекші кемесімен бірге сөндірді", - деп мәлімдеді консорциумның баспасөз қызметі өкілдері.
КҚК қызметкерлері мен мердігер ұйымдар арасында зардап шеккендер, қаза тапқандар жоқ. Мұнай төгілуіне жол берілмеген. Танкер экипажының мүшелері медициналық көмек пен эвакуацияны талап етпеген.
Қазір танкерге қаншалық зақым келгеніне баға беріліп жатыр. Мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылған, мұнай құбыры нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ, теңіз терминалына мұнай қабылдауға бара жатқан Marathi танкері шабуылға ұшырады.
Каспий құбыр консорциумы Ресейдің, АҚШ-тың, Қазақстанның және Батыс Еуропаның бірқатар елінің отын-энергетика кешеніндегі ірі кәсіпорындарының басын қосады. КҚК Қазақстанның үш ірі кенішінен, яғни Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Еске салайық, бұған дейін КҚК акваториясында танкерлерге ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған болатын. Бір кеме қазақстандық мұнайды тиеуге дайындалып жатса, екіншісіне тиеліп жатқан еді.
23 шілдеде Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі КҚК теңіз терминалында тиеу операциялары уақытша тоқтатылғанын, соның салдарынан мұнай өндіру көлемі азайғанын хабарлады.
27 шілдеде ведомство КҚК мұнай қабылдауды қайта бастағанын жариялады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова