КҚК жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды қайта бастады. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастаған.
"Қазір КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр. Екі кеме де "Теңізшевройл" ЖШС мұнайын қабылдап жатыр. Мұнай қабылдау қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік береді. Теңіз терминалындағы операциялар қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып жүргізіледі", - деді министрдің кеңесшісі - Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Министрлік КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және басқа да тараптармен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Ведомство жағдайды бақылап, қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылды үйлестіреді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 23 шілдеде Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының жұмысы және мұнай өндіру көлеміне қатысты мәлімдеме жасады.
Сол кезде ведомство КҚК теңіз терминалында Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Осылайша мұнай өндіру көлемі де уақытша төмендеген еді.
Каспий құбыр консорциумы Ресейдің, АҚШ-тың, Қазақстанның және Батыс Еуропаның бірқатар елінің отын-энергетика кешеніндегі ірі кәсіпорындарының басын қосады. КҚК Қазақстанның үш ірі кенішінен, яғни Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова